«Жазда не ойладыңыдар»: талдықорғандықтар қар жауғанда жол төсеген әкімдікке ашулы

Әкімдік өкілдері өзіне шаң жуытпады

Талдықорғандықтар қар жауғанда қала көшелеріне тас жол төсеген әкімдікке ашулы. Әлеуметтік желіде жарияланған видео кадрларында жұмысшылар жапалақтап жауып жатқан қарға қарамастан, қала көшелеріне асфальт төсеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тұрғындар құрылыс жұмысын жазда жүргізбеген жергілікті билік өкілдерінен аталған жағдайға байланысты түсінік беруді талап еткен.

«Осылайша кедір-бұдыр жолдарымызды қатайтып жатырсыздар ма? Мұны тоқтататын біреу бар ма? Тас жол қабаты газет сынды жұп-жұқа, оны тура қар жауған күні төсеп жатыр. Көктемде бәрі опырылып қалады. Шенеуніктер, қандай да бір шара қолдансаңдаршы! Бұл қысқа арналған тас жол, көктемде жаздық тас жол төселеді. Жазда не ойладыңдар?», - деп шулады жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары.

Тұрғындардың наразылығына жауап берген Талдықорған әкімдігі жолды жөндеп жатқан ұйымға қатысты қатаң әкімшілік шара қолданатынын мәлімдеді. 

«Аталған мәселеге байланысты әкімдік мердігермен сөйлесті. Компания біздің рұқсатымызсыз, техникалық бақылаусыз Қазақстан көшесіндегі шағын аумақта тас жол төсеген. Енді мердігерге әкімшілік шаралар қолданылып, басқа да жаза түрлері тағайындалады», - деді Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.

Ведомство атап өткендей, көшелерді асфальттау жұмыстарының тапсырыс берушісі – қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.