$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.11.2021, 22:11
Қоғам

"Төрт сержант құлағын тесіп қинаған": Әскерге сау күйінде кеткен сарбаз үйіне ауру болып оралды

Дәрігерлер жас жігіттің басынан соққы алғанын айтқан

"Төрт сержант құлағын тесіп қинаған": Әскерге сау күйінде кеткен сарбаз үйіне ауру болып оралды
Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғындары әскерге сап-сау кеткен ұлының үйіне ауру болып келгеніне ашулы. Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 19 жастағы жігіт қазір жақындарын мүлдем танымайды, деп хабарлайды Астана арнасы.

Есінен адасқан сарбаз қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтын халге жеткен. Тіпті, өз әкесіне де қол көтеріп жүр. Ашынған ата-ана мұның бәріне әскери қызметкерлер кінәлі, дейді.

Әскерден оралғанына 3 күн болған Ренат Жеткергеновтің отбасынан тыныштық кеткен. Күндіз-түні айқайлап, жақындарының мазасын алады. Үйде тұрған заттарды жан-жаққа лақтырып, қиратып жатқан көрінеді. Тыныштандыруға тырысқан әкесі де баласынан бірнеше рет таяқ жеген.  

19 жастағы сарбаз Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеген. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда,  "сәл ауырыңқырап" қалды деген сылтаумен үйіне қайтырыпты. Ренатты күтіп алған ата-анасы ұлдарының түрін көріп жағаларын ұстапты. Айтуларынша, үстіндегі киімі шұрық-тесік, аяғында жаздық тәпішке болған. Отан алдындағы борышын өтеп емес, құдды құлдықта жүргендей оралды, дейді ағасы. Күдіктенген туыстары баланы аурухаға барып тексерткен. Дәрігерлер жас жігіттің басынан соққы алғанын айтқан.

Ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын айтқан. Қайтарынан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп әбден қинапты.

«Көке, мені төрт сержантым басқа казармаға алып кетіп, сол жерде әбден қорлады» деді. Құлағын инемен тесіп «мен сені қыз қыламын» деп балаға зорлық-зомбылық көрсеткен. Құлағында жарақаты тұр», - дейді сарбаздың ағасы Бахтияр Нағашыбаев.

Ал Қорғаныс министрлігінің өкілі мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Олар Ренат әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін айтты.  

«Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери қызметті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, қатардағы жауынгер Ренат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына және басқа да шағым жасамаған», - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің офицері, майор Ғани Нүсіпов.

Дегенмен, казармада не жағдай болғаны белгісіз. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Ал сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпекші.  

 

 

Серіктес жаңалықтары