«Жарылыс болса кім жауап береді?»: Ақтөбе тұрғындары қоқыс алаңының салынуына қарсы
Өйткені, жаңа қоқыс алаңы болады деп белгіленген жердің астында коммуникациялық желілер жатыр

Ақтөбенің бір топ тұрғыны коммуникациялық желілер өткізілген жерге қоқыс алаңын салуға қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Астана арнасы. Жергілікті халық қоқыс өртенсе, газ құбыры жарылып, жарылыстың құрбаны боламыз ба деп үрейленіп отыр. Ал әкімдіктегілер тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтады.
Тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшіктер тоқсаныншы жылдары қойылған, ал оның астында коммуникация желілері қалғанын ешкім ескермеген. Әрі жол бойы болғандықтан өткен-кеткеннің бәрі қоқысын осында тастап кетеді, дейді жұрт. Үнемі тау болып үйіліп жататын қоқыстан шаршаған олар әкімдікке бес жыл шағымданып, әрең дегенде қоқыс алаңын басқа жерге көшіртіпті. Бірақ енді оны бұрынғы орнына қайтадан қоймақшы көрінеді.
«Мына жерден газ трубасы өтіп жатыр. Жаздыгүні кейде қоқысты өртеп жібереді. Сондай бір сәтте жарылыс болса, кім жауап береді?», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қадырбек Әлтаев.
Әкімдіктегілер қоқыс жәшіктері шынымен де бұрынғы орнына қойылатынын растады. Бірақ, бұл ешқандай қауіп төндірмейді дейді. Оның үстіне, қоқыс алаңын қоятын басқа жер жоқ, айналада бос орын қалмаған дейді әкімдік өкілдері. Ал жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін жәшіктердің сырты қоршалады. Бұл жұмыстарға қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Бірақ, тұрғындар әкімдік осылай шешті екен екен деп қарап отырмайтынын айтады. Олар қоқыс жәшіктері осы жерге қайта қойылса, сотқа шағымданбақ.