Жұмыртқа бағасы күрт қымбаттайды: СҚО-да құс фабрикалары мемлекеттен субсидия ала алмай отыр
Құс тұмауынан екі жылдан бері бұл өкірде миллиондаған қанатты қырылып қалған

Солтүстік Қазақстанда жұмыртқа өндірумен айналысатын құс фабрикаларының иелері бірнеше айдан бері мемлекет тарапынан төленетін субсидияға қол жеткізе алмай жүр. Бұған дейін әр жұмыртқа үшін төленіп келген 2,5 теңге 1,5 теңгеге азайтылған еді. Ал, келер жылдан бастап субсидия төлеу мүлде тоқтатылмақ деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кәсіпкерлер жұмыртқа бағасының 700 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Өтйкені субсидия төлеу тоқтатылуымен қатар, құсқа берілетін жем бағасының да шарықтап кетуі өнімнің өзіндік құнының көтерілуіне алып келмек.
ҚҰС АЗЫҒЫНЫҢ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП ТҰР
Қызылжарда құс фабрикалары осы бастан мемлекеттік субсидияға жарымай отыр. Жергілікті билік осыған дейін кәсіпорындарға бір жұмыртқа үшін 2 жарым теңге төлеген еді. Биыл бұл сома 1 жарым теңгеге қысқарды. Алайда, компаниялар бұның өзіне қол жеткізе алмай отыр. Ал, келер жылы билік демеуқаржыны мүлдем алып тастамақ.
«Алекри» серіктестігі – жұмыртқа өндірісімен айналысатын өңірдегі ірі құс фабрикаларының бірі. Былтыр құс тұмауының кесірінен жарты миллионнан астам тауығынан айырылған болатын. Шаш етектен шығынға батып, тұралап қалған компания қайтадан аяғына тік тұрып келе жатқанда тағы да проблема туындады. Биыл жем-шөп қымбат, соның кесірінен кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Оның үстіне, жергілікті әкімдік бірнеше айдан бері демеуқаржыны бермеген.
«Біздің биылғы меже 102 миллион дана жұмыртқа өндіру. Бұған дейін 150 млн шығарып келген болатынбыз. Былтыр бір құс қалған жоқ. Қазір фабрикада 520 мың тауық бар. Жұмысты толық қалпына келтірілдік деуге болады. Құс тұмауы қайталанбас үшін санитарлық бекет орнаттық. Санитарлық талаптарды қатаң сақтаймыз. Балапандардың барлығына құс тұмауына қарсы вакцина салынады. Жем-шөптің құны тым қымбаттап кетті. Мәселен, арпаны былтыр тоннасына 50 мың теңгеден алдық. Биыл оның бағасы екі есе көтеріліп, 100 мыңға жетіп отыр. Шығын көбейіп кетті. Екі айдан бері демеуқаржы төленген жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, Қазақстанның бірнеше құс фабрикасы банкротқа ұшырауы мүмкін. Субсидия мүлде төленбесе, елдегі біраз құс фабрикасы жұмысын тоқтататыны анық. Себебі жағдайы қазірдің өзінде қиын. Бізге де сондай қауіп төніп тұр», - дейді құс фабрикасындағы өндіріс бөлімінің басшысы Александр Чесноков.
Солтүстік Қазақстандағы 9 құс фабрикасының бесеуі жұмыртқа өндірумен айналысады. Талапқа сай билік оларға өнімнің әр данасы үшін жергілікті бюджеттен субсидия ретінде 1 жарым теңгеден төлейді. Алайда, соңғы екі айда құс фабрикаларына қаражаттың аудармағанын шенеуніктер растап отыр. Ол ақшаның жоқтығында емес, қаржыны бөлу ережесінің өзгеруімен байлансты дейді. Жанар-жағармайдың қымбаттауы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Жұмыртқа өндірушілердің шығыны бірнеше есе көбейген. Оның барлығы тұтынушының қалтасына салмақ түсірері анық.
«Жыл басынан бері құс фабрикаларына 239 миллион теңге қаражат бөлінді. Шілде айында субсидияны бөлу ережесіне өзгерістер енгізілді. Яғни, құс фабрикаларының өтініштері резервке түсті. Кәсіпкерлер тиісті қаржыны жуық арада алып қалуы тиіс», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Уәлибеков.
«АТАМЕКЕН» ҰҚКП МИНИСТРЛІКЕ ҰСЫНЫС ЖОЛДАДЫ
Министрлік шығарған жаңа қаулыға сәйкес, келер жылдан бастап елімізде жұмыртқаға субсидия мүлдем төленбейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл дұрыс емес деп санайды. Нарықтағы жағдайдың күрделі екенін ескеріп, керісінше демеуқаржыны екі есе ұлғайту керек дейді.
«Субсидия қазіргідей 1 жарым теңге емес, әр жұмыртқаға 3 теңгеден төленуі тиіс. Бұл мақсатқа тек Солтүстік Қазақстан облысына шамамен 2 миллиард теңге қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс жолдадық. Нәтижесінде жұмыртқа өндірісі қайтадан дамып, өнім экспортқа шығарылады. Бұған дейін төленіп келген субсидия арқасында құс фабрикалары дамып, жаңа қондырғылар сатып алды. Экспортқа шықты. Ауғанстан мен Ресей нарығын игере бастады. Аталған ұсыныс ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Былтырғы құс тұмауы салаға айтарлықта соққы берді. Әлі күнге дейін жұмысын қалпына келтіре алмай жатқандар бар», - дейді «АТАМЕКЕН» ҰКП СҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Ерік Уәлиев.
Сала мамандарының айтуынша, тиісті шара қолданылмаса жұмыртқа бағасы аспандай береді. Азық пен жанар-жағармайдың қымтаттауы оның өзіндік құнын өсіріп жібереді.
Былтыр құс тұмауы өңірдің 12 ауданында тіркеліп, 1,5 млн-ға жуық қанатты қырылып қалды. Биыл өңірде қауіпті инфекцияға қарсы 1 млн дозадан астам вакцина бөлінген болатын. Соған қарамастан, Айыртау, М.Жұмабаев және Темираязев ауданында құс тұмауының ошақтары тіркелді. Мамандар қауіпті инфекцияның жабайы құстардан тарағанын айтқан болатын.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО