Астана тұрғыны өзі жалдаған пәтерді тағы бірнеше адамға жалға берген
Полиция 32 жастағы алаяқ әйелді қолға түсірді
Алаяқ өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін қысқа мерзімге пәтер жалдаған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті. Содан соң сайтқа дәл сол пәтер ұзақ мерзімге жалға берілетіні туралы хабарландыру жариялаған.
Хабарландыру бойынша оған бірнеше адам хабарласқан. Әйел үйді бәріне кезекпен көрсеткен. Пәтерді жалға алуға келіскен адамдардан картаға алдын ала төлем аударып, үйге келесі күні көшуді сұраған. Алайда жәбірленушілер пәтерге кіргенде, алаяққа алданып қалғанын түсінді.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция 32 жастағы тұрғынды ұстады. Қазір полицияға алаяққа алданған төрт азамат арызданды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 300 мың теңге.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған әйел кінәсін мойындады, ол бұрын осыған ұқсас қылмыстар үшін істі болған.