Қытайға тауар экспорттаушылар шекарадағы проблеманы шешіп беруді талап етті
Қазақстанды басып өтетін Қытайдың транзитті жүк көліктерінде елімізге кіргізбеу керек дейді
Қытайдың транзитті жүк көліктерін Қазақстанға кіргізбеу керек. Алматыда арнайы жиын өткізген отандық тауар экспорттаушылар осыны талап етті, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Өйткені шекарадағы мәселе әлі шешілер емес. Ахуал тек ушығып жатыр дейді. Яғни қытай тарапы қазақстандық кәсіпкерлердің тауарын әлі кіргізбей жатыр. Кейбірі кезегін 3 айдан артық күтіп тұр.
Салдарынан тауар экспорттаушылар 10 млрд теңгеден астам шығынға батқандарын айтуда. Сол үшін қордаланған мәселені жоғары деңгейде Үкіметтің көмегімен шешу керек дейді.
Егер бұған да көнбесе, Еуропаға, Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға тауар жеткізу үшін Қазақстанды басып өтетін Қытайдың транзитті жүк көліктерінде елімізге кіргізбеу керек деп отыр.
Айта кетейік, Қытаймен шекарада қалып қойған вагондардың иелері миллиардтаған теңгеден айырылғаны туралы хабарланған.
«Бизнес өкілдері 8 млрд теңгеге жуық вагон иелерінің шығыны туралы ақпарат берді. Ал импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді. Қазақстандық жүктерді қабылдаудың нашарлауына байланысты ірі тау-кен металлургия компаниялары іс жүзінде 3 566 211 тонна немесе ҚХР-ға өнім экспорты бойынша тиеу жоспарының 77%-ын (4 624 011 тонна) тасымалдады. Жоғалған табыс шамамен 142 млрд теңгені құрады», - деп еске салды «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.