Қызылордалықты “пәтер алып беремін” деп алдаған алаяқ ұсталды
Ол жәбірленушіден 1 млн 340 мың теңге алған
18 қазанда Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғыны арыз түсірген болатын. Белгілі болғандай, жылдың басында қаңтар айының 10 күні белгісіз азамат қала орталығынан арзан бағамен пәтер алып беремін деп, баспана алуға жәрдемдесуге уәде беріп, қомақты ақшасын алдап алған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көп ұзамай арызданушы ешқандай нәтиже көрмей, ақшасын қайтаруды талап етеді. Бірақ алаяқ құрғақ уәдемен ауыз толтырып, алған ақшаны қайтаруға еш асықпады. Қылмысты ашу барысында қалалық Полиция басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 35 жастағы қала тұрғыны құрықталды.
Аталған дерек бойынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) бойынша таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.