Ұлттық санақ: қос азаматтығы бар адамдарды анықтау мүмкін бе?

Кәмшат Тасболат

Қазақстанда халық санағы жүріп жатыр

Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыұлттық санақ басталмай жатып қызу талқыға түсті. Қоғам белсенділерінің назарына ең алдымен санаққа бөлінген қаражат көлемі ілікті. Бұл шараға 9,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ сала мамандары мұны инфляциямен және халық санының бірнеше миллионға артуымен, тіпті, соңғы есептердің 2023 жылға дейін созылуымен байланыстырып отыр. 2009 жылғы санақта қазақстандықтар 71 сұраққа жауап берген болса, соңғы санақта 91 сұраққа жауап беруі тиіс. Кеңейтілген сауалдардың қатарында туу көрсеткіші, тілдерді білу деңгейі мен миграциялық мәселелер, пандемиядан кейінгі денсаулық жайы, т.б. бар.

19 миллионбыз, санақ неге керек?

Биыл жоғары мінберлерден «Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты» деп ресми жарияланған еді. Билік мұнымен тоқтамай, 2025 жылға қарай халық саны 20 миллионға дейін артады деп болжап отыр. «Беби-бумның атасы» атанып кеткен белгілі демограф Мақаш Тәтімов халық санының артуын туу көрсеткішінің өскенінен бөлек, елімізге оралған қандастардың санымен де байланыстыратын. Бүкіл әлемде болып жатқан тенденция – миграциялық көңіл-күй мен процестің артуы, пандемия тұсындағы жағдай оптимистік демографиялық болжамдардың орындалуына қаншалықты әсер етпек? Халық саны белгілі, елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы банк карточкаларына байланған заманда қосымша шығынға санақ өткізу қаншалықты дұрыс деген сауалға Ұлттық статистика бюросының Ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы былай жауап береді:

- Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар, білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет.

Соңғы ақпарат бойынша, санақтан 11 млн 319 мың адам өткен, оның 7,5 млн - онлайн, 3,7 млн оффлайн өткен. Санақтан өткендер саны бойынша, Түркістан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бірінші орында келе жатыр. Дәл осы көрсеткіш бойынша, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары артта. Дәлірек айтсақ, Түркістан облысында – 919 292, Алматы облысында – 762 620 адам санақтан өтсе, соңғы орындардағы Маңғыстау облысында – 222 651, СҚО-да – 168 696 адам өткен. Әр облыста халық саны әртүрлі. Үлесі бойынша алсақ, ШҚО – 54,2%, Қызылорда облысы – 52%-ды көрсетіп тұр.

Сұрақтар неге этикаға сәйкес келмейді?

Әлеуметтік желіде санақ сауалдарының ішінде «тірі балалар» мен «тұрғын үйдің қандай материалдан тұрғызылғаны» туралы мәселелердің қамтылғаны екіұдай пікір туғызды. Кейбір азаматтар «тірі балалар» туралы сұрақ этикаға сәйкес емес, тіпті, баласын жоғалтқан ата-аналардың жан жарасын қозғауы мүмкін десе, енді бірі мұндай сауалдың тек әйелдерге, оны ішінде жас қыздарға қойылғанын түсінбейді. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев:

- Сұрақтардың мазмұны жайында әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Оның ішінде кейбір сұрақтар адамдарға тым дөрекі немесе этикаға сәйкес келмейтіндей боп көрінуі мүмкін. Бірақ мұндағы көп сұрақтар бөлек шығарылған жоқ, олар бұған дейін қойылған. Бәлкім, уақыт өткен соң олар, бір жағынан, маңызын жоғалтуы мүмкін, екінші жағынан, қазіргі күннің тұрғысынан адамдарға ұнамауы мүмкін. Бірақ мемлекет бұл сұрақтарды қоюға мәжбүр. Оның өз себебі бар. Бұл сұрақтардың нәтижесін динамикаға алуымыз маңызды, - дейді. Ұлттық статистика бюросының  ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы: «Бұл сұрақ демографиялық зерттеу мен болжам үшін, жалпы демографиялық көрсеткіштердің бірін анықтап беретін сауал. Демография туу, өлу көрсеткіштеріне, сондай-ақ көші-қон мәселелеріне тікелей байланысты. Бұл сауал арқылы нәрестелер мен балалар өлімінің көрсеткішін анықтау мақсаты тұр. Сондай-ақ әртүрлі жастағы әйелдердің туу көрсеткіші санақаралық уақытта қалай өзгергенін анықтауға мүмкіндік береді» - дейді.

Демограф зерттеушісі Мақсат Имандосов ел азаматтарының, желі белсенділерінің бұл сұраққа қатысты алаңдаушылығын түсінеді. Оның айтуынша, балалардың туу көрсеткіші перзентхана мекемелеріне есепке тұрудан бөлек, мемлекеттен бір реттік жәрдемақыны алар тұста анықталып отырады.  

- Біздің еліміздегі нағыз шынайы статистика болса, ол балалардың туу көрсеткіші боп тұр. Тіпті, Еуростат мамандары таң қалып, Қазақстандағы бала туу көрсеткішінің 99,9 пайызға анық екенін мойындаған. Жалпы мәліметтер тексеріліп тұрады ғой. Бала артық туды деп көрсетсең де, күмән тумай ма? – дейді Мақсат Имандосов.

Санақ өзгерте алмайтын сандар...

Мамандардың пайымынша, Қазақстанда ұлттық, демографиялық құрам қатты өзгеріп жатыр. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл жерде тілді білу көрсеткішін анықтаудың маңызына тоқталады. Яғни, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің таралу көрсеткіші, оның ішінде өзге этникалық топтардың қазақ тілін меңгеруін анықтау уақыт талабы боп тұр.

Демографтар өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап ұлттық құрамның өзгеру үдерісі әлі де жалғасып жатқанын жеткізеді. Мақсат Имандосовтың айтуынша, ұлттық санақ нәтижесі қандай болса да, анық бір нәрсе бар: Жыл өткен сайын қазақ ұлтының саны артып келеді. Жалпы, орташа есеппен жыл сайын қазақтар 250 мың адамға өсіп отырады екен. Ал орыстармен қатар, басқа да еуропалық ұлыстар, атап айтқанда, немістер мен украиндар саны түсіп жатыр. Тағы бір ескеретін жәйт, жыл өткен сайын елдегі татарлар саны да азаю үстінде. Саны тұрақты артып жатқан қазақ ұлтынан кейінгі екінші ұлыс – өзбектер. Яғни, өзбектер жыл сайын 15-17 мың адамға артып отырады, сондай-ақ, ұйғыр, түрік, әзірбайжан, дүнген, тәжік сияқты мұсылман ұлыстарының саны өсуде. Бұл үрдіс жалпы мұсылмандар санының артып жатқанын көрсетеді. Демограф зерттеушісінің пайымынша, қазір қазақ саны шамамен 69-70 пайыздай болса, ұлттық санақ 72-73 пайызға артқанын көрсетуі мүмкін. Бұл тренд өзгермейді.  

- Жалпы, жаңадан туған нәрестелер саны қызық, - дейді Мақсат Имандосов: Мәселен, туған сәбилердің үлесіне келсек, 80 пайызы – қазақ, ал орыстікі небары 8 пайыз боп тұр. Егер бұл динамика ары қарай да жалғасын тапса, онда 5-6 жылдан кейін елімізде орыстан гөрі өзбектер көбірек туатын болады. Орыстар арасында ұлтаралық некелер саны көп. Яғни, негізінен орыс әйелдері басқа ұлт өкілдеріне жиі тұрмысқа шығып жатыр. Бұл факторды да ескерген жөн.

Ресейге – орыс, Түркияға қазақ кетіп жатыр ма?

Пандемия мен локдаун соңғы 5-6 жылда байқалған миграциялық толқынды біршама тоқтатқаны анық. 2021 жылдың алғашқы жарты жылдығында 14,2 мың адам елден кеткен, бұл эмиграцияның өткен жылдың көрсеткішінен 29,3 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Мамандар солтүстіктен ағылған көшті қауіп-қатер тұрғысынан емес, мобильділік тұрғысынан бағалау қажет деп есептейді. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев:

- Бұлай көшіп қону тек біздегі ғана емес, әлемдегі үрдіс. Әлем елдерінде жоғары білімді, кәсіби білікті мамандар жұмыс жағдайы жақсырақ қалалар мен мемлекеттерге көшіп жатады. Бұл табиғи құбылыс. Негізінен, Қазақстаннан шетелге орта жастағы азаматтар көшіп жатыр. Менің білуімше, бұл 25-45 жас аралығындағы буын. Қазақстаннан сыртқа көшудің негізгі бағыты – Ресей, - дейді. Одан кейінгі орындарда – Өзбекстан, Германия, АҚШ тұр.

Демография зерттеушісі Мақсат Имандосов қос азаматтығы бар адамдар санының көптігіне назар аудартады. Зерттеуші:

- Сыртқа кетіп жатқандарды бақылау мүмкін емес, Ресейге орыс кете ме, әлде Түркия мен Германияға қазақ кете ме, ол бірінші кезекте миграциялық есептен шығуы керек. Өкінішке қарай, мұны ескеріп жатқандар жоқ. Мәселе неде? Көбі есептен шықпайды. Мәселен, Ресейге кететіндер қос төлқұжатпен жүре береді. Қазақтар Лондон, Дубайдан бөлек, Түркия қалаларында жүр. Жақында Ақтөбеде болдым, сондағы танысым айтады, Түркиядағы бір мектепке қызын берген екен, кластағы 30 оқушының 9-ы қазақ екен?! Ал олар есептен шықты ма? Бұған күмәнім көп. Әрине, орыстарға азаматтықтан шығу оңайырақ, ал қазақтарға қиын. Мәселен, адамдар қос төлқұжатпен ондаған жылдар жүреді, уақыты келгенде консулдыққа барып, ұзарта алады. Мұның нақты есебі жоқ, - дейді.

Бұл орайда маман Петропавл халқының қазіргі статистикасына күмәнмен қарайтынын жасырмайды:

- Петропавлда туу көрсеткіші қатты түсіп жатыр. Мәселен, биыл 3000 бала бірінші сыныпқа барды, ал туғандар саны 4000-нан кем болуы мүмкін. Халық саны шамамен 540 мыңдай адам. Бұл нені көрсетеді? Петропавлға Омбы, Томбы, Новосибирск, Тюмень, Екатеринбург қалалары жақын. Яғни, соңғы 10-15 жылда мектеп бітіргендер сол қалаларға кетіп тұрақтаған. Бірақ көбінің қазақстандық төлқұжаттары бар. Ресейде қос азаматтылыққа тыйым салынбаған. Көбі қазақстандық төлқұжатты сол себептен қалдырады. Меніңше, Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 540 мыңнан әлдеқайда төмен. Мұндай халық санымен жылда 3-4 мың баланың тууы демографиялық дағдарыс! Яғни, репродуктивті жастағы азаматтар Ресейде жүр, – дейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең соңғы кестелер реттеліп, 6 миллионнан аса азаматтың көрсеткіші, жасы, жынысы, тұрғылықты жері, т.б. бөліністері бойынша жинақ, аналитикалық есеп 2023 жылға қарай жарияланады деп жоспарланған. Оған дейін дайын болған көрсеткіштер жариялануы тиіс.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.