Қазақстанда жылына 50 мыңнан астам жыртқыш құс токқа түсіп өледі
Республика аумағында сирек кездесетін жыртқыш құстар мәселесі «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ұйымдастырған кеңесте талқыланды
Жыртқыш құстар санатына дене мөлшері 35 граммнан 12 килограмға дейін жететін құстар жатады. Қазақстанды әлемдік популяцияның 50 пайызын құрайтын ақиық және дала қыраны мекендейді. Одан бөлек бүркіт және жыланшы бүркіті бар. Аталған құстардың барлығы қызыл кітапқа еңген. Құстардың қазіргі жағдайы мәз емес. Бұл туралы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығы» ұйымдастырған кеңесте талқыланды.
Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын Қазақстанда 50 мыңнан астам жыртқыш құс жоғары вольтты электр сымдарына түсіп өледі, бұл популяцияның азаюына әкеліп отыр.
«Жыртқыш құстар айнала ашық көрінетін орын іздейді, оған әсіресе, биік төбелер ыңғайлы. Сол жерден құстар жемтігін оңай аулайды, маңайды бақылай алады. Сондықтан шөл және дала аймақтарында жоғары вольтты электр желілеріне шығып, электр тогына түседі» - дейді Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығының атқарушы директоры Нұрлан Оңғарбаев.
Сонымен қатар, ол қауіпті жерлерде әр 10 километр сайын орта есеппен үш құс өлетінін айтты. Олардың жартысына көбі Қызыл кітапқа енген құстар.
«Атырау және Маңғыстау облыстарындағы қаупі жоғары вольтты электр желілерінде орта есеппен Қызыл кітапқа енген 2 мыңға жуық құс өледі. Бұл мәселені шешудің ең оңай жолы – желілерді диэлектрлік қақпақтар деп аталатын құс қорғайтын құрылғылармен жабдықтау. Ол құстың электр тогына түсуіне жол бермейді. Бірақ электр желілерін жер астымен жүргізу құс өлімінің алдын алуға толық мүмкіндік береді. Мұндай шешім Қазақстанда "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының құрылысында қолданылған. Бұл арзан әрі экологиялық тұрғыдан да тиімді», - деді Нұрлан Оңғарбаев.
Сондай-ақ, заңнамаға «Құсқа қауіпті конструкция» терминін енгізу ұсынылды. Бұл болашақта жаңадан салынып жатқан ғимараттарда осындай конструкцияларды жобалуға заңнамалық түрде тыйым сауға және құс қорғау құрылғылары болмай, қолда бар конструкцияларды пайдалануға тыйым салуға мүмкіндік береді.
Құстарға жел электр станцияларынан да төнетін қауіп көп. Сарапшылардың пікірінше, жел электр станцияларын қара түске бояу құстардың өлімін 50 пайызға төмендетеді. Бірақ құстарды қорғау тұрғысынан ең тиімдісі – вертикалды трубиналарды орнату.
Сондай-ақ, соңғы кездері Қазақстанда жыртқыш құстарды заңсыз әкету фактілері жиілеген. Жыл сайын табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары жабайы құстардың контрабандасы бойынша фактілерді тіркейді. Заңсыз әкетудің салдары Қазақстанның Қызыл кітабындағы құстар популяциясының азаюына алып келіп отыр. Республика аумағына әкелінетін және қайта жөнелтілетін жануарлардың негізгі түрін: сұңқар, сақер-сұңқар, ақсұңқар, дуадақ, қасқыр және қоңыр аю құрайды.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан