Семейде мұғалімдер сабақ өткізудің орнына қала көшелерін тазалаған
Бұл көріністі шаһар тұрғындарының бірі суретке түсіріп алыпты
Тұрғын түсірген суреттерді Arnapress.kz басылымының редакциясына жіберіп, 16 қазанда мұғалімдер сенбілікке шыққандықтан, баласының сабақтары болмағанын айтқан.
"Бүгін сабақ болмады. Мұғалімдерді сенбілікке жіберген екен. Жұмысқа бара жатқанда, "Пестель" аялдамасының жанындағы Шәкәрім даңғылын сыпырып жатқанын көрдім. Сабақ өткізудің орнына, неге сенбілікке жіберген? Бізде коммуналдық қызмет не үшін? Мектепте сабақ өткізбей, мұғалімдерді көше тазалауға жіберу – шектен шығу. Әркім өз ісімен айналысу керек. Былтыр пандемияға байланысты дұрыс оқымады. Енді мұғалімдер соның орнын толтыруы керек", - дейді ата-ана.
Ал Семей қалалық Білім бөлімінің бастығы Наталья Фесенко сенбілікке қатысты департамент ешқандай бұйрық бермегенін айтты. Дегенмен, Arnapress.kz тілшісі 16 қазанда сенбілік ұйымдастыру туралы бұйрықты тапты. Оған қала әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қол қойған. Құжатқа сай бөлім басшыларына барлық мекемелер мен кәсіпорындарға сенбілік ұйымдастыру тапсырылған.