Жыл басынан бері 25 адам қаза тапты: депутаттар электросамокатқа тоқтау салуды сұрады

Azattyq Rýhy

Оны пайдалану бойынша тиісті регламенттер бекітілмеген

Фото: Christoph Soeder / dpa / Global Look Press

Қазақстанда электросамокаттар мен гироскутерлерді пайдалану заңнамалық тұрғыда бекітілмеген. Себебі билік оларды қалай жіктеуді және қандай көлік құралдарына жатқызуды білмейді. Бірақ ҚР Парламенті Сенатының депутаттары тиісті техникалық регламенттерді әзірлеуді және осындай қозғалыс құралдарын елге әкелуді шектеуді талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз электр самокаттарын әкелу мен қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет деп санаймыз. Сізден жоғарыда көрсетілген құрылғыларды жіктеу мәселесін пысықтауды және заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды сұраймын. Еуразиялық экономикалық одақтың салалық техрегламенттерінің нормаларын ескере отырып, осы құрылғыларға қойылатын тиісті регламенттер, стандарттар мен талаптар әзірлеу қажет. Кедендік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде регламенттер мен стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін құрылғылардың жеткізілуін шектеу жөнінде шаралар қабылдауды сұраймыз. Аталған мәселені қараудың үйлестірушісі болып Сауда және интеграция министрлігі белгіленді. Егер министрлік тиісті стандартты әзірлеуді тездетсе, дұрыс болар еді», - деп депутат Нұртөре Жүсіп ҚР премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Сенатор бүгінде Қазақстанның ірі қалаларында көптеген электросамокаттар пайда болатынын атап өтті. Олардың қозғалыс жылдамдығы жоғары және олар тротуардың кез-келген тұсында қозғала алады.

Бұл ретте Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осындай құрылғылардың қатысуымен болған оқиғалардың ресми статистикасын жүргізбейді. Бірақ, Нұртөре Жүсіп мәлім еткендей, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында осындай құрылғылардың қатысуымен 387 оқиға тіркелді, 25 адам қаза тауып, 411 адам жарақат алды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.