ШҚО-да көпбалалы аналар мемлекеттік бағдарламамен алған үйдің сапасына шағымданды
Пәтерлердің бірінде еденнің астынан су шыққан
Әлеуметтік желіде көпбалалы аналардың су жаңа үйдің сапасына шағымданған видеосы пайда болған. Анықталғандай, оқиға Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында болған. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы нашар екенін айтып отыр.
Аталған үйлер «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған екен. Ондағы пәтерлер алтын-күміс алқалы және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға тегін беріледі. Ауданда барлығы екі пәтерлі 10 үй бой көтерген. Оның төртеуі қыркүйек айында көпбалалы отбасыларға беріліпті. Алайда, бір ай өтер-өтпес тұрғындар үйдің сапасына шағым айта бастады.
«Жылу жүйесінің құбыры дұрыс дәнекерленбегендіктен, еден асты суға толып кеткен. Қабырғалар қалай сылап-сипаса да жарыла береді деседі. Ол жағын біраз уақыттан кейін ести бастайтын шығармыз. Бұл үйлердің проблемасы осымен бітпейтін сияқты. Пешке екі қалақша көмір салсаң, толып қалады. Өзі ас үйде орналасқан, көмір кіргізсе де, күл шығарса да жарты үйді басып өтеді», - дейді әлеуметтік желіде тараған видеоның авторы.
Аталған үйлердің құрлыс жұмыстарын «CK KAZ – ALEM» ЖШС компаниясы жүргізіп жатыр. Тұрғын үйді салуға облыстық бюджеттен 340 миллион теңге бөлініпті. Құрылыс жұмыстарын атқаруға жергілікті тұрғындардан 60 адам тартылған. Екі пәтерлі бір тұрғын үйдің жалпы көлемі 2470 шаршы метрді құрайды.
Әкімдік өкілдері болса бір пәтерде ақаудың кеткенін мойындап отыр. Оны құрылысты жүргізген компания қалыпқа келтіріп қойды деп жауап берді.
«Қазіргі күнде желіде тарап кеткен видеоға келетін болсам, ол тек бір баспананың ішінен шыққан ақау. Су құбырының тесіліп қалуы салдарынан болған. Бұл үйлерге осы баспананы салған мердігер 3 жыл кепілдік беріп, олқылықтарды жөндеуге міндетті. Қазіргі таңда тесілген құбыр жөнделіп, қалпына келтірілді», - дейді ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов.
Айта кетейік, Күршім ауданында мемлекет тарапынан салынған өзге де нысандардың проблемасы туралы бұған дейін жазғанбыз. Мәселен, аудан орталығында жарты миллиард теңгеге салынған бассейн салтанатты түрде ашылғанымен, әлі күнге дейін пайдалануға берілмей тұр. Ал, көктемде жол жиектеріне қойылған бордюрлер бір ай болмай қирап қалған.
Таунар Қайратұлы ШҚО