$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.10.2021, 22:32
Қоғам

Атырау облысында мәдениет үйін жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшқан

Ғимаратты жаңалуға тендер арқылы үш рет қаржы бөлінген

Атырау облысында мәдениет үйін жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшқан
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Атырау облысында бюджеттен үш рет қомақты ақша бөлінген мәдениет үйі әлі жөнделмей тұр. Күрделі жөндеу жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын басталса да, жүздеген миллион теңге далаға кетіп, құрылыс сол қалпы аяқталмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мәдениет үйі Махамбет ауданының Сарытоғай ауылына қарайды. Екі мыңға жуық халқы бар ауылдағы мәдениет үйі тек сартоғайлықтарға ғана емес, Махамбет ауылдық окургіндегі өзге де ауылдардың 10 мыңнан астам тұрғынына қызмет етуі тиіс болған.

«Құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанына төртінші жыл. Екі-үш рет конкурс ойнатылды, аяқсыз қалып отыр. Тендерді енді ұтқан компания жұмысты бітіреді деп ойлаймын», - деді Сарытоғай ауылының тұрғыны С.Тауысбай.

Сарытоғайдағы кітапхананың ғимараты да әбден ескірген. Кітапхана мен ауылдық әкімдік аппаратының қызметкерлері әбден ескірген, салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен ескі үйде қысылысып отыр. Кітапхана жаңартылған мәдениет үйіне көшуі тиіс болған. Алайда, шатыры жабылмаған, есігі салынбаған нысанның терезелері де сына бастаған. Мемлекеттен жалпы көлемі 440 миллион теңгеден асатын қаржы бірнеше рет бөлінгенмен, бүгінде ғимараттың қаңқасы ғана тұр.

«Осы ауылда туып, тұрып жатырмыз. Ауыл қарттарының атынан сөйлеймін, кітапханамыз ескі. Мәдениет үйі бітсе соған қоныстанамыз деп күтіп жүрміз», - деді Сарытоғай ауылының кітапханашысы Қарлыға Айдарова.

Әкімдік мәдениет ошағын жаңартуға байланысты қаржыны 2017 жылы «Бекназер» ЖШС-не аударған. Қомақты қаржы жұмсалғанмен, жұмыс бітпей әкімдік пен компания соттасып, келісімшарт бұзылыпты. 2018 жылы екінші рет ойнатылған тендерді «Стройпроект2017» ЖШС-і ұтып алды. Бірақ 330,3 миллион теңгеге бағаланған Атырау облыстық құрылыс басқармасының тапсырысын бұл компания да аяқтамай, тастап кеткен.

«Құрылыс 2017 жылы басталды. Атырау облысы Құрылыс басқармасы және «Бекназер» ЖШС-і арасында 2017 жылдың 17 мамырында №78 келісімшарт жасалды. Алайда бұл мердігермен 2018 жылдың сәуір айындағы сот шешіміне байланысты келісімшарт бір жақты бұзылып, құрылысты жалғастыруға қайта конкурс ойнатылды. Тендерді ұтып алған «Стройпроект2017» ЖШС мекемесімен Атырау облысы Құрылыс басқармасы арасында 2019 жылдың 26 мамырында №88 келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары мердігер «Стройпроект2017» ЖШС-нің өндіріс кестесінен қалыс қалуынан, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Стройпроект2017» ЖШС-на қатысты аталмыш нысанды уақытында аяқтамауына байланысты мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға талап арыз берілді. Сот процесі жүргізілуде», - деді Атырау облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Самал Тілеуғалиева.

171,8 млн теңге жұмсалғанмен, өзге ақшаның бюджетке қалай, қашан қайтарылатыны белгісіз. Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысын жалғастыру үшін тағы 109 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл жолы шағын ауылдағы мәдениет үйінің ғимаратына «АтырауСтройПроект2017» ЖШС жобалаушы, «СтройПроект2017» компаниясы мердігер, «Caspian Alliance» ЖШС техникалық қадағалаушы ретінде араласпақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Атырау облысы

Серіктес жаңалықтары