Әзірет Сұлтан мешітіне жиналған жамағаттың фотосуреті NatGeo парақшасында жарияланды
Фото авторы - Gerd Ludwig
Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінде жұма намазына жиналған жамағаттың фотосуреті Америкалық National Geographic телеарнасының 188 миллион оқырманы бар Instagram парақшасында жарияланды.
Фото авторы - Gerd Ludwig. Ол елордадағы алып мешіттің ауласында намаз оқып жатқан жамағаттың фотосын түсірген.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы мешіттегі жұма намазын оқу сәті. Бұл ғибадат орны - Орталық Азиядағы ең алып мешіт саналады. Пандемия басталғанға дейін бұл мешітке жұма намазына қатысу үшін 10 мың адам келіп отырған. Қазақстан халқының 72 пайызын өзін мұсылманмын деп есептейді», - делінген NatGeo жазбасында.
Еске салайық, 10 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан қаласы бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша мешіттерде жұма намазын өткізуге рұқсат берілді.
Қаулыда мешіт, шіркеу, собор, синагога сияқты діни бірлестік объектілерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат берілетіні жазылған. Ол үшін нақты жұмыс кестесі мен күшейтілген санитарлық-профилактикалық іс-шаралар сақталуы керек. Мешіттерде сақтық шараларын қатаң сақтау арқылы «жұма намазын» өткізуге рұқсат беріліп отыр. Ал діни ғимарат жанындағы Ashyq жобасына қатысатын тамақтану орындарында еске алу шараларын өткізу үшін келушілер саны 30 адамнан аспауы керек.