Министрлік Алматы әуежайындағы дүрбелең туралы қауесетті жоққа шығарды
Министрлік халықты әлеуметтік желілердегі жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды
Әлеуметтік желілердегі Алматы халықаралық әуежайының кассасы маңында дүрлігіс туындағаны жайлы ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік азаматтарды әлеуметтік желілердегі «Алматы әуежайының кассаларында халық дүрлігіп жатыр» деген жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Алматы әуежайындағы кассалардың айналасында жиналған адамдар дүрлігіп жатқаны туралы ақпарат пен бейнематериалдар тарап жатыр. Тұрғындарды әлеуметтік желілерден алынған жалған мәліметтерге сенбеуге, ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз. Әуежайлар мен кассалар билет сату бойынша штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алматы мен Нұр-Сұлтан әуежайынан видео ұсынамыз», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство өкілдері әуежайдағы барлық нысанның, соның ішінде кассалардың да қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, авиациялық нысан аумағындағы жағдай мемлекеттік құзырлы қызмет өкілдері мен басшыларының бақылауында екенін ескертті.
Сондай-ақ, министрлік жұма күні апатқа ұшыраған рейс жолаушыларының туыстары жүктерді Майлин көшесі, 12 мекенжайындағы желілік полиция бөлімінен алуларына болатынын айтты.
Жолаушылар қосымша ақпарат алу үшін келесі әуежай өкілдеріне хабарласа алады: Нұр-Сұлтан +77172777723, +77012140388, Алматы +77773701266.