«Бір науқасты тіркеу үшін 2-3 сағат уақыт кетеді»: ШҚО-дағы Саржал ауылында интернет жоқ

Оқушылардың қашықтан білім алуы қиын

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Саржал ауылының тұрғындары сапасыз интернеттен әбден мезі болған. Себебі мұнда ғаламтор тарататын мұнара атымен жоқ. Тұрғындар спутник арқылы келетін әлсіз интернетті қанағат тұтуға мәжбүр. Оның өзі кейде бар, кейде жоқ.

Интернеттің жоқтығы оқушылар мен студенттерге қиын тиді. Былтыр қашықтан оқу кезінде олар тиісті білім ала алмаған.

«Өскемендегі жоғары оқу орындарының бірінде оқимын. Ауылда интернет нашар болғандықтан кейбір сабақтарға қатыса алмай жатырмыз. Бірде ұстаса, бірде ұстамай қалады. Әйтеуір тапсырмаларды кешіктіріп беріп жүрдік. Бұл жерде тек мен ғана емес, басқа студенттер де бар. Интернет тартып бермесе бұлай сабақ оқу мүмкін емес», - дейді Арман Ержан есімді жергілікті тұрғын.

Интернеттің жоқтығы тек жастарға емес, ауылдың барлық тұрғынына кері әсерін тигізген. Өйткені, жергілікті аурухана интернетсіз пациенттерге жолдама бере алмайды.

«Ғаламтор желісі мүлдем жоқ демеймін. Бар, бірақ жылдамдығы өте нашар. Қазір үкімет барлық жұмысты тек осы желінің көмегімен істелетін қылып жатқанымен, сол үрдіске біздің ауыл ілесе алмай отыр. Тіпті ауруханаға барып, ауданға жолдама алу үшін 15 минутта бітетін жұмысты, біз сағаттап күтеміз. Кейде мүлдем ашылмай қалады. Шарасыз ауданға ақылы түрде қаралуға тура келеді», - дейді Саржал ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Ыбырай.

Ауылдағы аурухана қызметкерлері науқастарды тіркеп, ауданға жолдама беру үшін осы сапасыз интернетті қолданып отыр. Спутник антеннасын пайдаланып, барымен базар болғанымен, кейде ол да болмай қалатын көрінеді.

«Біз медицина саласында KМИС бағдарламасы арқылы жұмыс істейміз. Келген науқастарды желіге тіркеп, ауданға жолдама береміз. Бірақ интернет жылдамдығының нашарлығынан бір адамды тіркеу үшін сағаттап отырамыз. Негізі оған 10-15 минут қана уақыт кетеді. Интернет мұнарасы жоқ. Спутникт антеннасы ғана бар. Өткенде 10 күндей істемей қалды. Сол кезде ауданға телефон шалып, тіркеп отырдық. Аудандағылар ауылдан келетін науқастарды жолдамасыз тегін қарамайды», - дейді Саржал дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Аяр Иманғалиева.

Оның айтуынша, ауруханаға келетіндердің көбі жүрек ауруымен ауырады екен. Сондықтан кей кездері жағдайы нашар науқастарды сағаттап тіркеу қиынға түсетінін айтты.

«Мұнда дәрігерлерге дұрыс жағдай жасалмаған. Бәрі ескі. Қазір ауылда індетке қарсы екпе салу жұмыстары жүріп жатыр. Оның бәрін осында тіркеуім керек. Тағы бірнеше сағат отырып қаламын. Сонымен қатар, интернет істемей қалған күндері науқастарды тегін қаралуға бағыттай алмаймыз. Ақылы түрде қаралады», - дейді Аяр Иманғалиева.

Аталған мәселе бойынша аудандық әкімдікке де хабарластық. Олар интернет тарататын мұнараның биыл орнатылатындығын айтты.

«Аталған мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медеу ауылы мен Саржал ауылының ортасына интернет мұнарасын орнатамыз. Сонда екі ауыл да ғаламторға қосылады. Облыс әкімдігі мәселені қарап жатыр. Қаржы бөлінсе, осы жылы байланыс мұнарасын іске қосатын боламыз, - дейді Абай ауданының әкімі Нуржан Абдыкаримов.

Таунар Қайратұлы, ШҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.