Зауытбек Тұрысбеков Өзтүрік пен Ататүрікті шатастырып алды
Бұрынғы дипломаттың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Стамбұлдағы салтанатты шарада Мұстафа Өзтүрікті Түркияның бірінші президенті Мұстафа Ататүрікпен шатастырып алды.
Жуырда ғана Стамбұлда қазақтың біртуар спортшысы Мұстафа Өзтүрік атындағы түрік-қазақ достығы пен бауырластығы саябағы ашылған болатын. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған саябақтағы салтанатты іс-шараға Еуропа мен Түркияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақтардан басқа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік, Қазақстан Республикасының Стамбулдағы Бас консулы Әлім Байел мен Бағжылар муниципалитеті басшысы Локман Чагрыжы да қатысқан. Салтанатты шарада сөз сөйлеген қауымдастықтың басшысы Түркия мемлекетінің негізін қалаушы, әскери қолбасшы Мұстафа Кемал Ататүріктің атындағы саябақ деп шатасқан.
«Құрметті қауым, қадірлі ағайындар! Бүгін тарихи күн! Киелі, қасиетті Стамбұл қаласының төрінде мынандай ғажап парк ашылып отыр, біздің бауырымыз Мустафа Ататүрік атынан. Мустафа Ататүрік екі халыққа бірдей, түрік пен қазақ халқына», - деді салтанатты шарада сөз сөйлеген З.Тұрысбеков.
Шатасып тұрған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының сөзін сол кезде аудармашы қыз бөліп жіберген.
Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың жалпы аумағы 4 771 шаршы метрді құрайды. Саябақта футбол алаңы, балалар алаңы, буфет, көлікке арналған тұрақ бар.