«Киім жоқ» – Ираннан СҚО-ға келген қандастардың балалары мектепке бара алмай жүр

Атажұртқа келген азаматтар жергілікті биліктің берген уәделерін орындамай отырғанын айтып налыды

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданына Иран Ислам Республикасынан көшіп келген қандастар балаларын мектепке жібере алмай отыр. Оған киімнің жоқтығы себеп. Атажұртын жылдар бойы аңсап келген азаматтар көтермеақы да алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

КӨШЕНІҢ ҚАҚ ОРТАСЫНДА 10 ҮЙГЕ АРНАЛҒАН ЕКІ ӘЖЕТХАНА ТҰР

Әбдірахман Искалдин ата-бабасының кіндік қаны тамған жердің топырағына табаны тиер күнді көп күткен. Ес білгелі әке-шешесі өзінің қазақ екенін құлағына құйып, ана тілін үйреткен. Қазақстан туралы көп оқып, тарихи Отанында болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырғанын айтады. Қазір оның қиялындағы Қазақстан жайындағы пікірі мүлде өзгерген. Елге келгелі жатарға төсегі, ішерге тамағы жоқ. Әкімдік берген жалдамалы үйде төрт қабырғадан басқа ештеңе табылмайды. Оны өз атына түсіру үшін белгілі бір мерзімде 8 млн теңгені өтеуі керек.

«Туалет пен ванна әкеліп қойды. Істемейді. Жуынбағаныма 40 күн болды. Қоғамдық моншаға бара алмай жүрмін. Бұл жердің тәртібін де білмеймін. Бізді осында көшіріп әкелерде бір жыл бойы отын-көмір, киім-кешек берілетінін айтты. Келдік, түк жоқ. Халық азын-аулақ керек заттарды әкеліп, көмектесіп жатыр. Ал әкімдіктің қолында ештеңе жоқ. Бөлінген ақшалардың бітіп қалғанын айтты», - дейді ол.

Шал ақын ауданына Ираннан 12 отбасы келді. Қандастардың не үйінде не ауласында әжетхана да жоқ. Көпшілік әкімдіктен көмек сұраған. Құзырлы орган көшенің ортасындағы жолдың екі шетіне екі әжетхана салып қойыпты. Көзге оғаш көрінгенімен 10 үйдің тұрғындары соны пайдаланып жүр. Басқа амал жоқ.

«Үйге бөлінген ақша су құбырын тартуға жетпейді. Ақырындап оны да істейміз. Менің орынбасарым мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы күнде қандастардың үйлеріне барып, жағдайларын біліп тұр. Биылғы квота таусылып қалды. Қаржы болғанда көтермеақы беріледі. Олар келгеннен бері демеушілер есебінен көмектесіп келеміз. Қандастардың барлығын отынмен қамтамасыз етеміз. Әрқайсысына 5 кубтан ағаш, 2 тоннадан көмір беріледі», - дейді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов. 

ҮЙДЕГІ ЖЫЛЫТУ ПЕШТЕРІ ЖАРАМСЫЗ

Күздің қара суық күндері басталды. Қандастар болса қысқа да қамданбаған. Көпшілік судан да таршылық көріп отыр. Ас ішетін бөлмедегі кран еденде жатыр. Одан тек техникалық су шығады. Көпшілік тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Өткен жылы салынып, осы уақытқа дейін бос тұрған үйлердің де сапасы төмен. Баспананы жылытуға арналған пеш те дұрыс істелмеген. Астында күл түсетін бөлігі жоқ. Тұрғындар амалсыздан пештің астындағы бетонның үстіне от жағып отыр. Пешті қанша жақса да үйлері жылынбайды. Аудан қандастарды қабылдауға дайын болмай шықты.

«2019-2020 жылдары әкімдік 80 үй сатып алды. Қандастар мен «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды жайғастырып жатырмыз. Ираннан келгендер суықты көрмеген, пеш жағу білмейді. Пештің түр-түрі бар ғой. Бұл да сондай пеш. Ортасына отынды ұстайтын торды қоя саламыз», - дейді Рахат Смағұлов.

БАЛАЛАР МЕКТЕПКЕ БАРА АЛМАЙ ЖҮР

Қазір ресми түрде «қандас» мәртебесін алу үшін барлығының құжаттары қабылданып жатыр. Дайын болған соң қоныс аударушыларға көтермеақы беріліп, азаматтар ресми түрде жұмысқа орналастырылады. Бірақ, нақты қашан екені белгісіз. Өйткені биылға бөлінген квота таусылып қалған.

«Балалар мектепке бара алмай жатыр. Не аяғына, не үстіне киетін киім жоқ. Кітап-дәптер де берілмеді. Сіңлімнің 3 баласы үй киімімен барып жүр. Мен де сөйтемін. Үй суық. Маңғыстау облысына кеткім келеді. Мұнда ештеңе жоқ. Отын қоятын қора да салынбаған. Су қап-қара іше алмай отырмыз. Дүкеннен 400 теңгеден су сатып алып жатырмыз. Жұмыс жоқ. Еңбек етуден қашып отырған жоқпын. Жолдасым жұмысқа жарамайды. Туысқандар, көршілер көмек беріп жатыр. Жергілікті халыққа алғысым шексіз. Бірақ, қыста күніміз не болмақ? Әр күніміз уайыммен өтіп жатыр. Қиналып кеттік. Қызым ауырып, жылап жүр. Түнде көшеде жарық жоқ. Көшедегі әжетханаға ұялы телефонның жарығымен барып жүрміз. Қорқынышты. Балаларым қазақ болсын деп көшіп келіп еді. Осылай болар деп ойламадым. Әкімшілік уәдесін орындасын», - дейді Несіп Қазақ.

Қандастар ешкімге алақан жайғысы келмейді. Тек берілген үйлер тиісті деңгейде жөнделіп, өздерінің төлейтін бағасына сай сапасы болса дейді. Сергеев қаласында жұмыс та табылмаған. Қыстың көзі қырауда. Ешқашан суық пен қар көрмеген қандастардың жағдайы алаңдатады.

Ираннан көшіп келгендерді есепке алмағанда, жыл басынан Солтүстік Қазақстанға 32 отбасы көшіп келген. Қытайдан 24, Монғолиядан 3, Өзбекстаннан 3, Ресейдан 2 қазақ отбасы қоныс аударған. Мамандардың айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндер көп. Сондықтан көш әлі де жалғасады. Олардың да Ираннан келген қандастардың кебін кимесіне кім кепіл?

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.