«Қандастарды қаңғытып жіберді» – заңгер СҚО-дағы аудан әкімін жауапқа тартуды талап етті
Ираннан Шал ақын ауданына 12 отбасы көшіп келген
Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданына Иран Ислам Республикасынан көшіп келген қандастар киімнің жоқтығынан балаларын мектепке жібере алмай отырғандығы туралы жазған болатын. Шымкенттік заңгер Сәбитхан Сәрсембаев аудан әкімі Рахат Смағұловтың әрекетсіздігі этникалық қазақтарды осындай жағдайға жеткізгендігін айтты. Құқық қорғаушы ҚР Премьер Министрі А.Маминге сотқа дейінгі дауды шешу жөнінде арыз жолдады.
Ираннан Шал ақын ауданына 12 отбасы көшіп келген болатын. Олар берілген үйлердің сапасыз әрі пешінің жарамсыздығы, әжетхана мен таза судың жоқтығына шағымданған еді. Қандастардың ешқайсысы жұмыспен қамтылмаған. Мемлекет тарапынан төленетін көтермеақыны да ала алмай отыр.
«Ираннан келген қандастардың жағдайын Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінде жарық көрген мақаладан біліп, жағамды ұстадым. Оларға көтермеақының дер кезінде берілмей отырғаны барып тұрған бюрократия. Қазір елімізде сандық құжат айналымы дамып кеткен. Осының барлығы санаулы күндерде рәсімделіп, шешілетін мәселе. Тек аудан әкімі дұрыс жұмыс істемей отыр. Жұмыспен қамту департаментітің басшылығы, аудан әкімдігі алдын-ала «бәрі дайын» деп есеп беріп қойған деп ойлаймын. Қандастардың келетіні белгілі болғаны қашан? Демек әзірлік жасалмаған. Берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Кәсіпкерлер оны тек ақша табу үшін ғана салып жатыр. Мен азаматтық міндетімді орындап отырмын, құқық қорғау саласында волонтерлік қызметпен айналысып жүрмін. Қызметіне сай емес адамдарды лауазымды орындардан шеттету керек. Сонда ғана қоластындағылардан жұмыс істеуді талап етеді», - дейді заңгер Сәбитхан Сәрсембаев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО