Министрлік Рүстем Қайдаровтың қазасын аза тұтуда
Ұшақта қаза тапқан жолаушылар арасында ішкі істер органдарының құрметті ардагері Рүстем Қайдаров та болған
ІІМ ішкі істер органдарының құрметті ардагері Рүстем Қайдаровтың қайғылы қазасын аза тұтуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Айта кетсек, 27 желтоқсан күні Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақта қаза тапқан жолаушылар арасында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Рүстем Қайдаровтың да болғаны хабарланған еді.
ҚР Ішкі істер министрі, сондай-ақ ІІМ жеке құрамы Рүстем Есімханұлының туған-туыстарына қайғырып, көңіл айта отырып, қаза тапқан ардагерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Рүстем Қайдаров – әділет генерал-майоры, қатардағы тергеушіден Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейінгі жолдардан өткен тұлға.
Рүстем Есімханұлы Қазақстан полициясының қалыптасуы мен дамуына, қылмыспен күреске және құқықтық тәртіпті қорғауға елеулі үлес қосты. Еліміздің әр өңірінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарып жүрген құқық қорғау жүйесінің көптеген қызметкерлерін тәрбиеледі.
«Құрметті демалыста болғанына қарамастан, дәстүрлерді сақтау және дамытуға, қазақстандық полицейлердің жас буынын патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу ісіне үлес қоса отырып, қоғамдық өмірге белсенді қатысуды жалғастырған болатын. ІІМ құрметті ардагері Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың қайғылы қазасы еліміздің барлық құқық қорғау жүйесі үшін орны толмас қаза болып табылады», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.