$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.09.2021, 17:13
Қоғам

Мемқызмет, желілік маркетинг, Түркиядағы құрылыс пен салат сату – Карантинде кәсібін өзгерткен өнер жұлдыздары

Өнер иелерінің ішінде түрлі шетелдік майлардың жарнамасынан бастап, Олимпке ақша тігуге дейін барғандары бар

Мемқызмет, желілік маркетинг, Түркиядағы құрылыс пен салат сату – Карантинде кәсібін өзгерткен өнер жұлдыздары
Фотоколлаж

Жақында ғана елімізде 27 қыркүйектен баста той өткізуге рұқсат берілді. Екі жылға жуық уақытқа созылған карантин көптеген өнер жұлдыздарының кәсібін ауыстыруына ықпал етті. Өнер саласы өкілдерінің парақшасын қарасаңыз, карантин кезінде түрлі шетелдік майлардың жарнамасынан бастап, Олимпке ақша тігуге дейін барғандары бар.

Azattyq Rýhy тілшісі карантинде кәсібін өзгерткен өнер жұлдыздарына шолу жасап шықты.  

«МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев карантинде әншілікті мемлекеттік қызметке ауыстырды. 2020 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы Мәдениет үйінің директорлығына тағайындалған ол жаңа қызметке барғаннан басы даудан арылмады. БАҚ беттерінде Шымкент қаласында Наурыз мейрамындағы іс-шараларға 565 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінгені туралы ақпарат қызу талқыланды. Құжатқа «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының» директоры Сәкен Майғазиевтің қол қойғаны айтылды. 11 тамызда Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары тергеуге алынды. Осы оқиғадан кейін әнші қызметінен өз еркімен кетті.

Продюсер Алуа Қонарова Түркия еліне көшіп, құрылыс бизнесімен айналысуды қолға алған.

«Ешқашан жаңа бизнесті үйренуге тура келеді деп ойламаған едім. Менің жасымда, басқа елде өзіме таныс емес сала. Сенің салаңа мүлдем ұқсамайтын жұмыс әдісі, жаңа адамдар бәрі қиын. Түркияның құрылыс саласымен сіздерді егжей-тегжейлі таныстыратын боламын»,- деп ағынан жарылды ол.

Алтынай Жорабаева Instagram парақшасындағы оқырмандарына салат жасаудың құпияларын сатты. Әнші қысқа дайындаған салаттардың рецептісін видеоға түсіріп, жабық парақшада 5 салаттың  рецептісін 1000 теңгеден сатып жатыр. Сондай-ақ, Жорабаева да желілік маркетинг бизнесін де қатар алып келеді.

Роза Рымбаеваның келіні Ақерке Бүркітбай карантин кезінде желілік бизнеске кеткен. Ақерке парақшасы арқылы ақша табудың, желілік маркетингтің құпияларымен бөлісіп келеді.

«Желілік маркетинг карантиндегі менің бизнесім ғана емес. Бұл компания маған жайлы зонадан шығып, адамдармен дұрыс коммуникация құруды, көшбасшылық қасиетімді арттыруды, қаржылай сауаттылықты үйретті. Ең бастысы - бұл маған ұнайды», -деп жазды ол парақшасында.

Актер Олжас Әлжанов карантинде нәпақасын наннан тапты. Ол анасымен бірге тәтті пісіріп сатуды қолға алған.

«Көптеген түсірілімдер, жүргізуші ретінде шақыратын кештер болмады. Карантинде анамның кішігірім кәсібіне көмектесіп, тәтті бәліштер сатып, жеткізуге көмектесіп жүрмін. Карантин бұдан әрі созылатын болса, өзімнің кезінде оқыған мамандығыммен жұмыс істеймін. Негізінен энергетика саласының маманымын»,-деді ол.

Әнші Дидар Кәден карантин алғаш басталған наурыз айында-ақ бірден қосымша мамандықты игеріп алған. Өнерпаз тойдағы тұрақты табысынан қағылған кей достары такси жүргізушісі болып кеткенін де жасырмады.

«Наурыз айында алғаш карантин басталғанда баннерлерге дизайн жасау үшін фотошопты үйреніп алдым. Қиыншылық туып жатса көлігім бар, басқа да таныстарым сынды такси жүргізушісі боламын. Егер мені халық танып «Дидар жүргізуші болып кетіпті» десе, мен оған арланбаймын. Бала-шағамның нәпақасын адал жолмен тапқанда тұрған ештеңе жоқ»,- дейді әнші.

Карантинге дейін де кітап жазып, оны саудаға салған «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов карантин кезінде саумалды табыс көзіне айналдырған. Одан бөлек эстрада жұлдызы бірнеше кітап авторы Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп, «Қарызсыз қазақ» деген жаңа туындыны жарыққа шығарды. Ал,Бейбіт Кушқалиев пен «Заман» тобындағы Әсет Қарабалин бірлесе отырып кофе орталығын ашып, әншілікті уақытша бизнеске ауыстырды.

Айжан Қалиева  

Серіктес жаңалықтары