$ 522.42  543.89  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.09.2021, 18:50
Қоғам

Атыраулық кәсіпкер ұстазына үй сыйлады

Педагог үш баласымен бұрынғы мектептің ғимаратында тұрып келген

Атыраулық кәсіпкер ұстазына үй сыйлады

Атыраулық кәсіпкер Әділ Жұбанов мектептегі ұстазына жаңа үй алып берді. Ол, сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылына жол салып, тұрмысы төмен жерлестеріне көмек көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Исатай мен Махамбет аудандарындағы әлеуметтік жобалардың жүзеге асуын да өз мойнына алған.

Есте болса, 2017 жылы Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында кәсіпкерлерге «Туған жер» жобасын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Тек кәсіпкер емес, жағдайы келген әр адам өзінің туып-өскен ауылына қолынан келгенше көмек беруі тиіс. Осы жобаның Атырау облысында жүзеге асуына Әділ Жұбановтың үлесі мол болды дейді жерлестері. Күні кеше ол мектепте өзіне ұстаздық еткен Әлия Қаленоваға үй алып берді.

«Бұған дейін тұрған баспанам өте тозып кеткен, бұрынғы мектептің ғимараты еді. Ол жерде мүгедек баламен отыз жыл тұрдым. Мектептен зейнетке кетіп жатқанда шәкіртім тосын сый жасап, мына үйді берді. Әріптестерім, ауыл ақсақалдары да қуанышыма ортақтасты. Үйдің ішкі заттарын да алып, үлкен дастархан жасап қойыпты. Көргенде қуаныштан сөйлей алмай қалдым. Ұстаздың ең үлкен бақыты – елге, жұртына пайдасын тигізетін адам тәрбиелеу. Үйім бес бөлмелі, кең, газы, суына дейін кіргізіп берген», - деді Махамбет ауданының тұрғыны Әлия Қаленова.


Әлия Қаленова

Пандемияның алғашқы жылы қазақстандықтардың дені несиесін төлей алмай, қатты қиналғаны есте. Несиесін төлеу былай тұрсын, жерге тамағын таппағаны қаншама?!

«Көп жыл болған несиені төлей алмай жүргеніме. Айлығым – 50 мың, банкке төлейтінім 42 мың теңге. Әбден қиналдым. Төрт балам бар, үшеуі мектепте, үлкенім әскерге кеткен. Басымызда баспанамыз жоқ. Уақытылы төленбеген соң үстеме пайыздары да көбейіп кеткен еді. Несиенің әлі екі жылдан астам уақыты қалған. Осы кезде көмекке Әділ Жұбанов келді. Жағдайымды көзімен көрген соң 1 миллион 620 мың теңге несиемді жауып берді. Алғысым шексіз», - деді жалғызбасты ана А.Салиева.


А.Салиеваның бұрынғы үйі

Кәсіпкердің құрылыс компаниясы бар. Ол 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Үйі жоқ жұмысшыларының баспана мәселесін шешіп берген.

«Бұрынғы үйім өте ескі, іргетасы жоқ, іші суық, құлайын деп тұр еді. Күйеуім 11 жыл бұрын ауырып қайтыс болған. Үш баламен қараусыз қалдым. Жұмыссыз жүр едім, Әділ Жұбанов компаниясына еден жуушы етіп алды. Бес жылдан бері осы ұжымда жұмыс істеп келем. Мен бастығымнан үй сұрағам жоқ, ескі үйіме жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді өтіндім. Бас инженерін жіберген еді, ол менің үйімді тұруға жарамайды депті. Сосын маған бәрі жабылып үй іздеді. Сөйтіп 14 миллион теңгеге 10 соттық жерімен қос үй сатып әперді. Жағдайымызды әлі де сұрап тұрады көрген сайын», - деді Ғалия Тарихова.

Депутаттар сайлау кезіндегі уәделерін ұмытып кетеді – әкім

Кәсіпкер жекелеген жандарға ғана емес, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларына да тұрақты көмек көрсетіп келеді. ҚХР келген қандас жастардың жоғары білім алуына да жәрдемдескен. «Атырау мұнай және газ университетінде» оқып жатқан оннан астам студенттің оқу ақысына 20 миллион теңге төлеп беріпті. Исатай ауданындағы Қамысқала, Тұщықұдық, Аққыстау ауылдық округтері мен Махамбет ауданындағы Алмалы, Бейбарыс ауылдық округтерінің әкімдіктері қайырымдылық шараларын осы кәсіпкердің көмегі арқылы іске асырып келеді. Тек соңғы 3 жылда қайырымдылық шараларына 260 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Әділ Жұбанов мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Өмірін кәсіпкерлікке, өндіріс жұмыстарына арнаған.

«Табиғаты қатал, құмды, шөлді аймақта өмір сүріп жатқан ауыл адамдарына қашанда көмек керек. Әділ Орынбасарұлы осы окургтегі алтын алқа иегері, көп балалы анаға үй салуға 3 млн теңге берді. Сосын тағы бір үйі өртеніп кеткен отбасына құрылыс материалдарын алып берді. Оның көмегіне жекелеген адамдар ғана емес, әкімдік, мемлекеттік ұйымдар да жүгінеді. Мен басқаратын окургте 4117 адам өмір сүріп жатыр. Осы елдімекендерге жиі және тұрақты көмек көрсетіп келеді. Ол облыстық мәслихатқа осы окургтерден сайланған. Сайлау кезінде халықпен кездескен депутаттар көптеген проблемаларды шешуге уәде берегендерінің ішінен үлгі көрсеткен, айтқан сөздерін ұмытпай іске асыратын адамның бірі осы Жұбанов дер едім. Ауыл жастарының тілегі бойынша Хамит Ерғалиев ауылындағы спорт алаңына 5 млн. теңгеге жөндеу жүргізіп, жасанды жабынды төсеп берді. Ауылда «Жасыл белдеу» жобасын іске асыру үшін «Достық саябағын» салынуына ықпал етіп, жобалық-сметалық құжаттарын жасауда. Ауылда проблемаларды шешу үшін 14 жоба жасалып жатыр. Осы жобаларға да Әділ Орынбасарұлының ат салысарына сенімдіміз», - деді Атырау облысы Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.


Рафиғат Тәжденова

Кәсіпкер өз компаниясының атынан «Атырау облыстық воллейбол клубы» ЖШС-нің атына 20 миллион теңге бөлсе, жуырда Токиодан оралған атыраулық таэквондо және дзюдошы сурдо-паралимпиадашыларға 4 миллион теңге тарту етті. Ол 2019-2021 жылдары Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасы Аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2003-2008 жылдары Атырау қалалық мәслихатының, ал 2012 жылдан бері Атырау облыстық мәслихатының V, VI, VII шақырылымдарының депутаты болған. 2021 жылдың 6 мамырында өз еркімен облыстық мәслихат депутаты өкілеттігін тоқтатқан.

Әмірболат Құсайынұлы, Атырау облысы

Серіктес жаңалықтары