Сабағын қиналып оқу, тез шаршау: коронавирустың зардабы бала бойында ұзақ уақытқа созылуы мүмкін

Жыл соңында Қазақстанда балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинасы салына бастайды

Коллаж: Azattyq Rýhy

2021 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда коронавирус жұқтырған балалары саны 28 мыңнан асқан, олардың ішінде 54-і нәресте. Балалардың 84% коронавирусты симптомсыз, 16% ауыр деңгейде өткеруде. Жыл басынан бері бір ғана Алматы қаласында 279 жүкті әйелден коронавирус анықталған. Бірқатар елде 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Қазан айынан бастап Қазақстанда да балалар мен жүкті әйелдерге аталған екпе салынбақ.

КВИ жұқтыру көрсеткіші Қазақстанда әлі де толастар емес. Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы мамандарынан коронвирустың жүкті әйелдер мен балаларға қатысы жайында бірқатар сұрақ қойды.

КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІН БАЛАЛАРДА КЕЗДЕСЕТІН БЕЛГІЛЕР

Әдетте балаларда коронавирус симптомсыз - жеңіл өтеді. Алайда, әлемдегі педиатрлар мен отбасылық дәрігерлердің бақылауы бойынша коронавирустан айыққаннан кейін адамның жаттығу барысында төзімділігі төмендейді, буыны қақсайды, шаршау сезімі пайда болады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Италияда КВИ анықталған балалардың балалардың 40%-на дейін және Англиядағы балалардың 15-20 пайызына «ұзақ мерзімді» COVID-19 белгілері әсер етеді екен.

мектептегі әр күнін қиналып өткізеді;

шаршау;

бір нәрсеге жете көңіл бөлмеу проблемалары;

сабақ оқудың қиынға түскендігінен әдеттегіден төмен бағалар алу;

COVID-қа дейінгі деңгеймен салыстырғанда дене шынықтыру көрсеткіштері мен жетістіктерінің төмендеуі;

спортпен шұғылданған кезінде шамадан тыс әлсіздік немесе тыныс алудың қиындауы;

ересектеу балалар өзінің жай-күйін «бірдеңе дұрыс емес» деп сипаттауы мүмкін, сонымен қатар олардың мінез-құлқы мен көңіл-күйі өзгеруі мүмкін;

кішкентай балаларда күнделікті іс-шараларға қатысудан бас тарту сияқты аса байқала бермейтін белгілер болуы мүмкін. Сондықтан, әдетте ойын алаңында тоқтамай жүгіріп жүретін бала бір жерде отырғанды қалап, басқаларға қарап отыруды ұнататын болса, оны мамандарға көрсеткен абзал.

«Балаңыздан коронавирустың «ұзақ мерзімді» белгілерін байқасаңыз, дәрігерге қаралыңыз. Балаңыздың мінез-құлқын мұқият бақылау маңызды. Осы белгілердің уақыт өте келе қалай дамитынын және оған ерте араласудың денсаулықты қалпына келтіруге қалай әсер ететінін түсінуге бағытталған зерттеулер жалғасуда. Егер балаңызда бұрын расталған COVID-19 инфекциясы болмаса, ол аурудың симптомсыз түрін басынан өткеруі мүмкін, әсіресе коронавирус жұқтырған адаммен ұзақ уақыт араласқан болса (мысалы, мектепте немесе отбасында)», - дейді мамандар.

БАЛАЛАРДАҒЫ МУЛЬТИЖҮЙЕЛІК ҚАБЫНУ БЕЛГІЛЕРІ

Көп жағдайда балалар мен жасөспірімдерде COVID-19 жеңіл түрде өтеді, бірақ қазірдің өзінде көпшілігінде мультижүйелік қабыну синдромы дамуы мүмкін. МВС – ауруханаға жатқызуды қажет ететін күрделі жағдай. МВС кезінде қабыну әр түрлі мүшеге – миға, бүйрекке, жүрекке, бауырға, өкпеге, көзге және т.б. әсер етуі мүмкін. Әзірге МВС-дің нақты қай мүшеге әсер ететіні белгісіз. Алайда, қазірдің өзінде МВС бар көптеген баланың ағзасында COVID-19 тудыратын вирус бар немесе олар КВИ жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған. МВС өте ауыр өтуі мүмкін, тіпті, ол өлімге де әкеп соғуы мүмкін. Бірақ мұндай диагноз қойылған көптеген баланың денсаулығы медициналық көмектің арқасында қалпына келтірілген.

МВС БЕЛГІЛЕРІ БАЙҚАЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Егер баланың ыстығы көтерілсе, іші ауырса, құсса, іші өтсе, мойыны ауырса, денесі бөртіп кетсе, көзі қанталаса, ерекше шаршаса, міндетті түрде дәрігерге көрсету керек. Белгілердің барлық балада бірдей бола бермейтінін естен шығармаған жөн.

Дем алысы қиындаса, ауырсыну немесе кеудесін басып тұрған сезімнің басылмауы, сандырақтау, ояна алмау немесе серги алмау, тері, ерін және тырнағының түсінің бозғылттануы, сұрлануы немесе көгеріп кетуі, іштің қатты ауруы.

ЖҮКТІЛІК ЖӘНЕ КОРОНАВИРУС

Қазір коронавирустан зардап шеккен жүкті әйелдерге қатысты мәліметтер толыққанды емес, бірақ жүкті әйелдер коронавирусқа басқа адамдармен бірдей жиілікте шалдығып жатыр.

Мамандардың айтуынша, бүгінге дейін инфекцияның жатыріші немесе перинатальды жолмен жұғу жағдайы тіркелмеген. Ғылыми зерттеулер нәижесі вертикальды берілудің жоқтығын, яғни, жүктілік кезінде де, босану кезінде де анадан балаға аурудың берілмегендігін көрсетіп отыр.

Жүкті әйелдердің коронавирус инфекциясын қалай өткеретіні әлі де зерттеліп, зерделеніп жатыр. Бірақ, бүгінге дейінгі тәжірибе көрсеткендей, ана бойындағы вирустың нәрестенің дамуына еш теріс әсері дәлелденбеген. Босану кезінде және босанудан кейін ана мен баланы қарау, бақылау, күту сияқты іс-шаралардың тәртібі осы ауруға қатысты протоколдарда жан-жақты қарастырылған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.