Әкімдіктегілер өзен суының адамның денсаулығына зияны жоғын айтып сендірді
Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің бойына қоныстанған ауыл тұрғындары жаз мезгілдерінде сасыған су ішуге мәжбүр, деп хабарлайды azh.kz тілшісі.
«Суды қайнатсақ та, иісі сасып тұрады. Осы суға жуынсақ үстіміз сасып, жағымсыз иіс пайда болады. Не үшін судың сасып кеткенін бізге ешкім айтпады. Қазір дүкеннен су сатып алып отырмыз, бірақ бұлай қашанға дейін жалғаса береді?», - дейді Хиуаз ауылының тұрғыны Ләззат Борашева.
Гүлшара Мұсағалиева есімді тұрғындардың бірі жаз бойы шыдап келетінін, тпті шәй ішуден қалғанын айтқан.
Тұрғындардың айтуынша, сасық иіс өткен жылы да шыққан. Бірақ кейін күн суытқан кезде су бұрынғы қалпына келген.
Құрманғазы ауданында Қиғаш пен Шора өзендерінің бойында суды залалсыздандырып, тұрғындарға жеткізетін 23 су стансасы бар. Бір станса күніне 200 тоннаға жуық суды тазалайды. Алайда қанша сүзгіден өткізсе де, судың иісі кетпейді.
«Су стансаларда тазартылып, залалсыздандырылады. Бірақ неге екені түсініксіз, иісі кетпей тұр, - дейді су тазалау стансасының операторы Асылбек Тасимов.
Жергілікті әкімдіктегілер жақында судан сынама алынатынын айтып отыр. Өзенде балдыр көбейген, тазаланған судың иісін шығарып тұрған сол ма - ол жағы белгісіз. Бірақ аудандық әкімдіктегілер суды ішуге жарамды деп сендіреді.
«Судың ерте қайтып кетуіне байланысты, балдыр көбейген. Балдырдан осындай жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Бірақ судан адамның денсаулығына зиян келмейді», - дейді Жаңаталап ауылының әкімі Олжас Тәжібаев.
Су қашан тазарып, бұрынғы қалпына келетіні белгісіз. Әзірше тұрғындарға дүкеннен су алып тұтынуға тура келеді.