Павлодар облысында 216 миллион теңгеге заңсыз субсидия алғандар сотталды

Олар «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырған

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырған тұлғалар тобы қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Павлодар қаласының тұрғыны С.Мукин мемлекеттен субсидияларды заңсыз алу мақсатында Ресей аумағында ірі қара мал сатып алып, оны «Герефорд», «Симментал» асыл тұқымды қара мал ретінде көрсеткен.

Атап айтқанда, субсидиялар алуға арналған өтінімдерде ол ІҚМ туралы жалған мәліметтерді көрсетіп, ал сатып алу-сату шарттарын өзі қолдан жасаған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының уәкілетті органдары асыл тұқымды мал сатып алу дерегін растамайды.

Бұдан әрі 100 мыңнан 6 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйақы үшін С.Мукин басқа кәсіпорындарға мемлекеттік субсидияларды заңсыз алуға көмек көрсеткен.

Тергеу анықтағандай, мұндай схема бойынша Павлодар облысындағы 10 шаруа қожалығы 216 миллион теңгеге заңсыз субсидия алған.

Бас ұйымдастырушы мен сыбайластар әртүрлі мерзімге сотталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.