«Тіркеуден ескертпей шығарып тастайды». Көпбалалы аналар үй кезегіне тұрудың қиындығы туралы айтты
Айжан Аманова мен Рахила Утарбаева есімді көпбалалы аналар бірнеше жылдан бері баспана кезегіне ілінбей келеді

Үй кезегіне тұру, баспана алу мәселесі көпбалалы аналардың әлі де өзекті тақырып. Azattyq Rýhy тілшісіне хабарласқан Айжан Аманова елордаға 2005 жылы көшіп келгенін, алайда көпбалалы отбасының жағдайы әлі күнге дейін оңалмай келе жатқанын айтты. Үйінде бір ғана адамның табысына қарап отырған отбасы аядай бөлмені 70 мың теңгеге жалдап тұрады екен.
«Жатақхананың бір бөлмесін 70 мыңға жалдап тұрамыз. Жолдасым құрылыста істейді. Соның тапқан ақшасы мен төрт бала үшін мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Тұңғышым колледжде оқиды. Оқу ақысы жылына 150 мың теңге. Екінші балам 6-сыныпты, үшіншім 1-сыныпты аяқтады. Ал кенжем 3-тен асты. Жеті айлық кезінде менингит болып ауырып, содан кейін денесі құрысып қалатынды шығарды. Ойнап жүргенде құлап қалады да, аузынан су кетеді. Бір жыл ауруханада жатып емделіп, дене құрысып қалатынын әрең дегенде тоқтаттық. Кішкентайымның денсаулығы үшін көңілім жарым», - дейді ана.
Айжан бұған дейін үй алу үшін екі рет құжат дайындаған. Алайда, екеуінде де пәтер берілмейді деген жауап келген.
«Көпбалалы ана атанған соң, үйдің кезегіне тұру үшін құжат дайындадым. Алғашқы тапсырғанымда маған үй шығып тұрғанын айтты. Менде ұл мен қыз болғандықтан, екі бөлмелі пәтер берілетінін айтты. Қуанышымда шек болмады. Бірақ, бір айдан кейін үй берілмейді деген жауап келді. Неге екенін сұрағанымда күйеуімнің тұрақты тіркеуі жоқ екенін айтты. Көпбалалы аналарды тұрақты тіркеуге қоймайды. Тек уақытша тұрамыз. Тіпті, тіркеуден қай уақытта шығарып тастағанын да білмей қаламыз. Қалып қойған уақытты ақша төлеп қайта қойдырамыз.
Заң бойынша арыз жазған мен, сондықтан менің тіркеуім қаралу керек. Жолдасымның, өзімнің атымда үй, жекеменшік жер жоқ. Оның үстіне қазір көпбалалы аналарға жалға пәтер де бергісі келмейді. Құзіретті органдар мәселеме немқұрайлы қарап отыр. Маған тегін үй керек емес. Қолжетімді баспанаға кіруге мүмкіндік болса екен», - дейді Айжан Аманова.
Ал, Рахила Утарбаева есімді көпбалалы ана биыл жолдасы екеуі несиеге жер алып, үй салмақшы болған. Бірақ, ақшасы үйдің бастапқы қаңқасын құруға ғана жетіпті. Құрылысы тоқтап қалған үйде қазір төрт баласымен тұрып жатқан ата-ана күн суытса не істерін білмей дал болып отыр.
«Төрт балам бар, кішкентайым - алты айлық. Үйде бала қарап отырмын. Жолдасым жұмыс істейді. Үлкен қызымызды жылына 440 мың беріп оқытып жатырмыз. Өзім балаға қарап үйде отырмын. Бұған дейін жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрғанбыз. Оны төлеуге ақшамыздың ыңғайы келмей, жолдасым екеуміз несиеге жер алдық. Үйдің құрылысын екеулеп бітіреміз деп ойлап едік, бірақ ішіндегі ұсақ-түйек жұмыстарына ақша жеткізе алмай отырмыз. Тым болмаса бір бөлмеге жылу тарттырып алсақ дейміз.
Күн суытқалы үйдің іші азынап тұр. Қос көрпеден жамылып жатамыз. Қыс келсе не істерімді білмеймін. Жолдасымның айлық табысы - 92 мың теңге. Оның жартысын несиеге төлейміз, қалғанын балабақшаға береміз. Бала қарап жұмысқа шыға алмай отырмын. Жоқ дегенде көмір алып алсақ, үйді от жақсақ та жылытып алар едік. Қайырымды жандардан аз да болса көмек болса екен деймін. Күн суытқанда балаларыммен қайда барарымды білмейміз», - деп көпбалалы ана көмек сұрады.
Әлеуметтанушы Салтанат Оразбаева қоғамдағы көпбалалы аналардың мәселесі мен үй алу қиындықтарының басты себептеріне тоқталды.
«Көпбалалы отбасыларға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасының аздығы аналардың осылайша қиналуына себеп болып отыр. Соңғы кезде «Бақытты отбасы» деген бағдарлама шықты, бірақ оның өзі бұл мәселені шешпеді. Тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін көпбалалы отбасының табыс көлемі жоғары және ресми тіркеуі болуы керек. Әдетте көпбалалы отбасында 6-7 адам болады. Пәтер жалдағанның өзінде ешбір пәтер беруші отбасы мүшелерін түгел тіркеуге отырғызбайды.
Сондай-ақ тағы бір мәселе көпбалалы отбасыларға жүйелі социологиялық зерттеулер мүлде жүргізілмейді. Қалада және ауылда тұратын көпалалы отбасылардың жағдайы әртүрлі, мұқтаждығы да басқа», - дейді әлеуметтанушы.
Ол үй кезегіне кедергісіз тұруды жүзеге асыру үшін ата-аналарға ақыл-кеңесін айтты.
«Тіркеуде тұру мерзімінің ұзақтығына байланысты, мысалы 5-7 жыл тіркеуде тұратын отбасы, егер де оның балалары кәмелет жасқа толып жұмысқа шықса, немесе 23 жастан асып кетсе олар көпбалалы отбасы санатынан шығып қалады. Сәйкесінше тіркеудеден шығарылады. Үй кезегіне тұру кезіндегі айтқым келетін негізгі ұсыныс: көпбалалы отбасылар тіркеуге тұрғаннан кейін оларға ақысы төмен немесе уақытша пәтер берілуі керек. Көптеген отбасыларға үй алу үшін алғашқы жарна жинау міндетті, соған көп көмек болар еді.
Көпбалалы отбасылардың проблемаларын кешенді зерттемейінше, оны шешу мүмкін емес. Көпбалалы отбасын зерттегенде балалар туралы көп айтылады. Ал, олардың ата-анасына қандай көмек керек деген сауал қаралмайды. Ата-аналар қанша жаста, немен айналысады, оларға қандай көмек керек екендігі (материалдық, психологиялық, медициналық) айтылмайды. Оларға қатысты барлық мәселе жіті қаралып, мән берілуі керек», - дейді Салтанат Оразбаева.
Көпбалалы аналарға көмек бергісі келетіндер үшін:
Kaspi нөмірі: 87758210600 Серік Серкебаев
+77082057471 - Aizhan Amanova
Жазып алған: Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан