ҚазҰПУ-да мұқтаж студенттердің 8 пайызы ғана жатақханамен қамтылған
Вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жатақхана мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолданды
Елімізде 1,1 миллионнан астам студент білім алады. Оның тек 16 пайызы ғана (174 мыңы) жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақханадағы орын тапшылығы 80 мыңды құрап отыр. Бұл мәселені депутат Елнұр Бейсенбай Мәжілістің жалпы отырысында көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған. Бірақ, аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда. Әсіресе, cтуденттерге жатақханадан орын жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында көп. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық (38 университет, ЖОО) студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақханадағы орын тапшылығы35 мыңды құрап отыр», - деді Елнұр Бейсенбай.
Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ, соңғы үш жылда 1600 орындық 6 жатақхана ғана бой көтерген. Ал осы жылдың басында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне тиесілі аумақта 400 орындық жатақхананың құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған екен.
«Соңғы 3 жылда педагогикалық университеттегі студенттердің саны 4 есеге, яғни 16,1 мың білім алушыға көбейген. Оның ішінде өзге аймақтан келген жастардың саны 11 мыңды құрайды. Бүгінде ҚазҰПУ-да небәрі 1300 орындық 5 жатақханада, студенттердің тек 8 проценті ғана тұрады. Қалған студенттер пәтер жалдап, оқумен емес, пәтер ақысын төлеумен әлек болып жүр. Дәл мұндай жағдай еліміздің көптеген оқу орындарында байқалады», - деді депутат.
Сондай-ақ вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жолданған депутаттық сауалда жатақханалардың әлеуметтік жағдайы мен ондағы жөндеу жұмыстары сапасыз екені айтылды.
«Дәлел ретінде күні кеше әлеуметтік желіде тараған Қостанайдағы студенттік жатақхананың қазіргі жағдайын айтуға болады. Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде шешуді ұсынамыз. Біріншіден, студенттік жатақханаларды аса маңызды әлеуметтік нысан ретінде қарастырып, әкімдіктер тарапынан жерді бөлу, сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырмай шешу жолдарын қарастыруды; екіншіден, еліміз бойынша ең көп университеттер орналасқан Алматы қаласында сейсмикалық талаптарға сай 9-10 қабатты жатақханалар салу мәселесін ойластыруды; үшіншіден, еліміздің ең ірі педагогикалық университетінің жатақхана салуға арналған тиісті жер мәселесін шешуді; төртіншіден, студенттік жатақханалардың заманға сай жабдықталуы мен олардың кезекті жөндеу жұмыстарын уақытында іске асыруды қолға алуды сұраймыз», - деді Мәжіліс депутаты.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан