Алматыда жарыққа жарымаған «Премьера» кешенінің тұрғындары жолды жауып тастады
Наурызбай ауданына қарасты кешенде 11 мың тұрғын тұрады
Алматыдағы Наурызбай ауданына қарайтын «Премьера» кешенінің тұрғындары жарық проблемасын шешіп бермеген әкімдікке наразылық білдіріп, жолды жауып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Наразы тұрғындар жарық ақшасын ай сайын уақытылы төлегенімен, «Алматы энергосбыт» 96 миллион теңге қарызы бар екенін айтады.
«Біз 11 мың тұрғыны бар Қазақстандағы ең үлкен кешенде тұрамыз. Өзіміз білмейтін қарыз үшін үнемі жарықсыз отырамыз. Таңертеңнен бізге еш ескертусіз жарық сөнеді, ал сосын оның қашан қосылатынын ешкім білмейді. 16 қабаттық үйдің тұрғындары лифтісіз, газсыз, жылы су мен тамақсыз бір тәулік отыруға мәжбүрміз. Қарапайым ғана балалардың ботқасын пісіріп, су ала алмаймыз. Қарыз біздің кесірімізден емес, қалалық әкімдік келісімшартпен жұмыс істеп отырған «Құрмет Достар» коммуналды мекемесінің жауапсыздығынан болып отыр», - дейді наразылық акциясына қатысушы келіншек.
Анықталғандай, «Энергосбыт» ЖШС-на «Құрмет Достар» КМ 96 миллион теңге қарыз. Тұрғындар өз үйлеріне қатысты қарызды тікелей банк арқылы «Энергосбыт» ЖШС-на төлеген, бірақ сонда да олардың компания алдындағы берешектері азаймаған.
«Біз аудан тұрғындары болып прокуратураға арыз жазып, тексеріс жүргенін талап еткенбіз. Прзеидентке де хат жаздық, бірақ бұл шаруамен ешкімнің айналысқысы жоқ. Ең оңайы біздің тұрғын үй кешенінің жарығын қия салу. Неге тұрғындардан әкімдік, басқа да жарыққа жауапты компаниялар Коммуналдық есептеу орталығынан энегрияға түскен нақты қаражат көлемін сұрамайды? Халқты ашындырып, осылай жол жабуға дейін жеткізудің қажеті қанша?» - деді алматылық Жауһар Өтегенова.
Аталған мәселе бойынша, Azattyq Rýhy тілшісі «Энергсбыт» ЖШС-на хабарласып, мән-жайды сұрады.
«Әрбір көпқабатты үйде электр қондырғыларының жеке жиынтығы бар және энергия шығындарын талап етеді, олар «Тұрғын үйді ұстауға арналған шығындар» ретінде төленуі тиіс. Тиісінше, энергия тұтынуды қажет ететін белгілі бір инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешенінде тұру үшін пәтерлерге орнатылған есептегіштер бойынша ғана төлеу жеткіліксіз» дейді «АлматыЭнергоСбыт» трансформация және коммуникация орталығының директоры Динара Алпысбаева.
Компанияның мәліметінше, жарықтың сөндірілетіні туралы «Құрмет Достар» КМ мен кешен тұрғындары ескерту хабарламасын алған.
««AlmatyEnergoSbyt» ЖШС дебиторлық берешегіне байланысты, электр энергиясын пайдалану ережесіне сәйкес (51 -тармақ) «Құрмет Достар» КМ қарызының бар екені және электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) мүмкін екендігі туралы хабарлама алды. Аталған мекеменің қарызы 2021 жылдың 15 қаңтары- 97 195 799,03 теңгені құраған. 2021 жылғы 15 қаңтардағы №380299/0115 хабарлама «Құрмет Достар» КМ төрағасына жіберілді. «AlmatyEnergoSbyt» ЖШС -нің қызметкерлері Premiera тұрғын үй кешенінің үйлерінде алдағы үзілістер туралы да хабарландыруларды орналастырды. 2021 жылдың 18 тамызында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ -на (АЖҚ) «Құрмет Достар» КМ (Premier LCD) электрмен жабдықтауды толық тоқтату туралы өтініш жіберді, бірақ жарық сол күні қайта қосылды»,-делінген ресми жауапта.
Наурызбай ауданы әкімдігінен аталған жағдайға байланысты ақпарат ала алмадық. Әкімдіктің баспасөз қызметі де, коммуналды шаруашылық бөлімі де күні бойы телефон тұтқаларын көтермеді.
Айжан Қалиева, Алматы.