$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.09.2021, 11:40
Қоғам

Қызылорда облысында бастығынан харассмент көрдім деп шағымданған судьяның өзі ұзақ жылға сотталуы мүмкін

Бұрынғы судья Гүлнұр Құрманбайдың хатшысы да қылмыстық іске тартылып жатыр

Қызылорда облысында бастығынан харассмент көрдім деп шағымданған судьяның өзі ұзақ жылға сотталуы мүмкін

Қызылорда облысында «бастығым қырындады» деп шағымданған судья Гүлнұр Құрманбай ұзақ жылға сотталуы мүмкін деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Шиелі аудандық сотының бұрынғы судьясы Гүлнұр Құрманбай бұған дейін өзін «төсекке тартты», «нақсүйері болуға шақырды» деп дүйім елге бастығы Марат Күздеубаевты масқаралаған еді. Шулы мәлімдемеден соң аудандық соттың төрағасы Күздеубаев көп ұзамай лауазымды қызметінен айырылған. Есесіне төраға қолы жетпеген әріптес келіншектің шығарған шешімдерін заңсыз деп санап, облысқа шағым келтірген. Ақыры 40 жастағы келіншектің үстінен бірден бірнеше бап бойынша қылмыстық сот процесі жүріп жатыр.

Бастығымен бір жылдан аса дауласқан соң айыпты деп танылған Г.Құрманбайға қатысты қатарынан екі бап бойынша іс қозғалды. Ол ҚР ҚК 418-бабының 1-бөлігі (Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару) және 369-баптың 3-бөлігі (Қызметтiк жалғандық жасау) бойынша күтікті деп танылды.

«Аталған екі баппен де мен келіспеймін. Себебі 418-баптың 1-бөлігімен маған әділетсіз шешім қабылдады деген айып тағылған. Әділетсіз шешім деп, егер іске қатысушы тараптар қарсылық білдірсе, жәбірленуші немесе жауапкердің бірінің пайдасына шешім шықпаса, олардың дүние-мүлкі сот арқылы тартып алынып, құқықтары тапталып жатқан жағдайда ғана, онда да жәбірленушінің арызы негізінде іс қозғалады. Сол кезде ғана әділетсіз шешім шығарды деп санауға болады. Мен шешім шығарған 10 эпизод бойынша қаулыны Қызылорда облыстық соты апелляциялық алқасының судьясы Оспанова қабылдап, бұзған. Судья қаулыда қылмыстың белгілері бар деп көрсетпеген, менің мәселемді тәртіптік кеңесте қаралу керек, заңды өрескел бұзды деген. Мәселемді тәртіптік кеңесте қарайын десе мен бала күтімімен еңбек демалысындамын. Сосын қаулының негізінде Қызылорда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолдап, қылмыстық іс қозғатқан. Ол істе жәбірленушілер де, арызданушылар да жоқ. Апелляциялық сот алқасының төрағасы Шағымбаев деген судья бар, соның тікелей мүддесімен менің шешімдерім бұзылған», - деді Шиелі аудандық сотының бұрынғы судьясы Гүлнұр Құрманбай.


Г.Құрманбай әріптестерімен бірге

Банясыз махаббаттың соңы сотқа жеткізді...

Бастықтың қысымынан бала асырап алып, еңбек демалысына кетуге мәжбүр болдым деген экс-судья бұл – қолдан ұйымдастырылған жала деп санайды. Сөзінше, өзіне кінә тағу үшін бастығы Күздеубаев кабинеттің есігін бұзып кіріп, шешімдерді Г.Құрманбайдың атынан өзі шығарған. Аудандық сот төрағасының бұл әрекеті әшкере соң Жоғары Сот оны қызметінен алып тастады. Қос судьяның арасында 2019 жылы басталған «махаббат майданы» ақыры өшпенділікке ұласып, теке-тірестің соңы сотқа жеткен.

«Аудандық сот пен облыстық сот төрағаларының ым-жымы бір, бұрынан бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Күздеубаев батыста, басқа облыста жүргенде оны осы ауданға Нұрышев шақыртты. Мен қабылдаған шешімдерден соң алты ай өтсе де ешбір жәбірленуші шағым, арыз түсірмеген. Сосын Шиелі ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаевты наразылық танытушы етіп шығарды. Наразылық танытудың мерзімі де өтіп кеткен, не себепті нарзылық танытқанын да дәлелдей алмаған. Алайда, аудандық соттың сол кездегі төрағасы Марат Күздеубаев өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, прокурордың нарзылық құжаты бойынша мен шығарған шешімдерді Қызылорда облыстық сотының апелляциялық алқасы арқылы бұздыртты. Ақыры менің үстімнен түрткілеп жүріп кек алуға кірісті. Қылмыстық іс қозғап, құжаттар сотқа жетті. ҚР ҚК 369-бабы бойынша ашылған іс те тікелей облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышевтың тапсырмасымен қозғалған», - деді бұрынғы судья.

Даулы іс республикаға тараған соң Марат Күздеубаев Шиелі аудандық сотының төрағасы лауазымынан босатылып, Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық сотының судьясы болып кеткен еді. Алайда, ол жерге де көп тұрақтай алмаған судья жуырда тағы да қызметін ауыстырды.

«Бұл сот төрағасы Нұрышевтың тапсырмасы...»

Ал, Гүлнұр Құрманбайдың ісін Қызылорда қалалық № 2 соты қарап жатыр. Айыптау актісі 40 бет. Қос тілде жазылған айыптау актісі бір-бірінен бөлек болып шыққан.

«Сот ісі 4-5 рет кейінге шегерілді. Судья Темірбаев пен Жакиева менің шағымымды қанағаттандырудан бас тартып келеді. Қаулыда неге бұндай шешімге келгенін көрсетпеген. Мен еңбек демалысындағы әйелмін. Менің үстімнен Қызылорда облыстық сотының төрағасы Нұрышевтың қатынас хаты негізінде іс қозғалды. Тергеуді сыртымнан сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің тергеушілері жүргізеді де, істі қайтадан сол облыстық сотқа жібереді. Істің обьективтілігі қайда? Әділдік қайда? Мен қылмыс үстінде ұсталсам немесе менің үстімнен жәбірленушілер шағымданса бір жөн. Өздеріне ұнамаған, айтқандарына көнбеген қызметкерді қалайда жабылып соттатудың көрінісі бұл. Мен бұл басшыларға сенбеймін. Бұл тікелей Нұрышевтың тапсырмасы. Судьялар бастыққа мүдделі, төраға Нұрышевтың айтқанын орындайды. Бұл қандай сот сонда? Басқа облысқа жіберсін менің ісімді. Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен процесуалдық істе былай делінген: егер де судья іске бағынышты болса немесе туысы болса, өзге де күмән келтіретін жағдайлар туындаған кезде тараптың қарсылық келтіруге құқығы бар делінген. Ондай жағдайда судья немесе төраға істі қараудан бас тарту керек делінген. Алайда, Қызылорда соты заңды белден басып отыр. Өйткені, тікелей облыстық сот төрағасының тапсырмасын орындап жатыр. Мен әлі де арызданам, тоқтамаймын», - деді сотталушы.


Қамбар Нұрышев

Бастықтар істі сот алқасына жеткізбей отыр...

Г.Құрманбайдың хатшысы, үш баланың анасы, төртінші баласына аяғы ауыр Еңлік Қыдыралиева да сотқа тартылып жатыр. Хатшының сот шешімдерін шығаруға құқығы жоқ болғанынан қарамастан оның үстінен ҚР ҚК 418-бабы 1-бөлігі бойынша (Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару) және 369-бабы 3-бөлігімен (Қызметтiк жалғандық жасау), 28-бабының 5-бөлігімен (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi) іс қозғалған.

Әріптестерінің әділдігіне сенбеген Құрманбай өзінің ісін басқа облысқа жіберуді сұрап, бірнеше рет шағым түсіргенмен, облыстық соттағы басшылар оны қанағаттандырусыз қалдырған. Ал, Жоғары Соттың кеңсесіндегілер арызды ресми түрде тіркемей қойған. Бір жылдан аса әділдік таппай келе жатқан әйел өзінің арызын басшылар ҚР Жоғары Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жүкенов Әбдірашит Төлегенұлына жеткізбей отыр деп санайды. Өйткені, бұндай істердің қайда қаралатынын анықтау алқа сот төрағасының құзырында.

«Г.Курманбай Қызылорда қаласының барлық судьяларына қарсылық білдіріп, онда Қызылорда облысының төңірегіндегі Қызылорда қаласының №2 сотының судьялары Қызылорда облыстық сотының төрағасына қызмет барысында бағыныштылық қатынаспен байланыс болғандықтан өзіне қатысты қылмыстық істі қарауға қарсылық көрсеткен. Судьяға қарсылық білдірудің ҚР Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 87-бабында көзделген негіздер жоқ деп санайды. Сондықтан, судьяға білдірген қарсылығы негізсіз болып табылады. Сотталушы Г.Курманбайдың білдірген қарсылығы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады. ҚПК-нің 87-бабы 9-12-бөлігінің, 344-бабының талаптарын басшылыққа алып, сот ҚР ҚК 369-бабы 3-бөлігімен, 418-бабы 1-бөлігімен сотқа берілген сотталушы Курманбай Гулнур Курманбайкызы және ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 369-бабы 3-бөлігімен және 28-бабы 5-бөлігі, 418-бабы 1-бөлігімен сотқа берілген Қыдыралиева Еңлік Қалдыбекқызына қатысты қылмыстық ісі бойынша төрағалық етуші судья Ж.Жакееваға сотталушы Г.Курманбайдың білдірген қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын. ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, төрағалық етуші судья Ж.Жакееваға сотталушы Г.Курманбайдың білдірген қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағым жасалуға, (өтініш хат келтірілуге) жатпайды. Қаулымен келiспеушiлiк туралы дәлелдер апелляциялық, кассациялық шағымға немесе қадағалау шағымына енгiзiлуi мүмкiн», - деп көрсеткен Қызылорда қаласының № 2 сотының судьясы Тұрар Темірбаевтың шығарған қаулысында.

Ал, Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіндегі кеңсе меңгерушісінің орынбасары М.Кенжалиев арашға сұраған экс-судьяға қысқаша жауап жазған. Онда судья сот төрелігін іске асыру кезiнде тәуелсiз болатынын, сот төрелігін іске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бір араласуға жол берiлмейтінін және нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейтін айтқан.


Бала күтімінде отырған экс-судья Гүлнұр Құрманбай

Егер Қызылорда облыстық соты бұрынғы қызметкерлерін кінәлі деп тапса, онда судья мен оның хатшысы 2-ден 10 жыл аралығына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ондай жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған 4 бала тірідей жетім қалады. Ал, үш бірдей бап бойыша айып тағылған сот хатшысы Еңлік Қыдыралиева қыркүйекте төртінші баласын босанбақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары