Сайрамдағы жас жігіттің өлімі: марқұмның жақындары бұл іске құзырлы орган өкілінің қатысы бар деп күдіктенеді

Марқұмның туыстары Президенттен көмек сұрап отыр

Сайрамдағы жас жігіттің өлімі: марқұмның жақындары бұл іске құзырлы орган өкілінің қатысы бар деп күдіктенеді
скриншот: видео

Шымкентте 24 жастағы жігітті азаптап өлтіріп, егістікке апарып тастаған. Марқұмның жақындары азапты өлімге қатысы бар күдіктілер түгел ұсталмай отырған айтады. Тіпті, бұл істі бұрмалап жатқандардың арасында құзырлы орган өкілдері де барына сенімді.

Сайрам ауданының тұрғыны енді ел Президентінен көмек сұрайды, деп хабарлайды Astana телеарнасы.

Марқұмның анасы Ғалия Жаңабаеваның айтуынша, ұлы түнде көлік жөндеу орнына баратынын айтып, шығып кеткен. Көлігін жөдеуге қалдырған, бірақ қайта оралмаған. Арада екі тәулік өткенде марқұмның денесі Түлкібас ауданындағы егістіктен табылған. Марқұмның туыстары жас жігіттің азаппен өлтірілгенін жаназа уақытында бір ақ білген. Сосын жерлеу рәсімін шұғыл тоқтатып, мәйітті сараптамаға жіберген.

«Оны көлік жуатын пистолетпен жуған, қанын жуған. Ыстық сумен жуған. Денесінің бәрі күлдіреп кеткен. Не деген масқара мынау?! Мына жерін қараңызшы, терісін жұлып алған», - дейді марқұмның туысы Нұрлан Абанов.

Куәгерлердің айтуынша, Айбекті (марқұм) көлік жуатын орындағы екі жігіт өлтірген. Олар қазір қамауда. Алайда, Нұрлан Абанов өлімге қатысы бар күдіктілердің түгел қамалмағанын айтады. Ал мәйітханадағылар марқұмның «өз қанына өзі тұншығып өлгенін, еш жері сынбағанын» айтып, ауызша қорытындымен шектелген.

«Бұл автожуу орны прокурордікі деп естідік. Демек, бұл жерде прокурор да күдікті болып тұр. Бәрі сол кісінің айтуымен болып тұр. Қазір мен солай күдіктеніп тұрмын. Істі бұрмалап, өзі өлді етіп жаппақшы болған», - дейді Нұрлан Абанов.

Марқұмның анасы да бұл іске прокурордың қатысы барын айтады.

«Ол Түлкібас ауданында прокурор болып істеген екен. Шымкент қаласына ауысқанына бір жыл болған. Беркінбаев деген - жаңағы Бағдәулет деген қандықол қарақшының нағашы ағасы. Бұл оған жиен болады. Содан өлтіріп, оған ақыл кеңес беріп отырған. Сөйтіп оны Түлкібас ауданына апарып, мақсарының арасына тастаған», - дейді Ғалия Жаңабаева.

Айбекті соңғы көрген адам - көлік жөндеуші. Түнгі сағат 11-ге таман келгеннен кейін түн ортасына дейін қасында болыпты. Оның сол жерде көлік жуатын жігітпен қалғанын айтады.

Қылмыстың осы жерде болғанын айғақтайтын жазба да бар екен. Жазбада Айбектің құлағанына қарамастан, бірі басынан тепкілеп жатыр. Үш жігіттің арасындағы ерегіс көлік жуу орнының осы артқы жағында болған. Бұл шамамен таңғы сағат төрт жарымдардың шамасы. Мұның барлығы бағанадағы бейне бақылау камерасына жазылып қалыпты. Бірақ марқұмның туыстарының айтуынша, неге екені белгісіз, бейнежазбаның жалғасы жоқ.

Марқұмның туыстары істің әу бастан бұрмаланғанына сенімді. Сондықтан Мемлекет басшысының өзінен көмек сұрап отыр.

24 жастағы Айбек Бекасылдың артында әйелі мен ұлынан бөлек екі жасар қызы мен ата-анасы қалды. Марқұм отбасындағы жалғыз ұл екен. Қаралы отбасы кіләлілердің әділ жазалануын сұрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.