Елден көшкендер: Қазақстаннан 678 педагог пен 417 медицина қызметкері шетелге қоныс аударған

Пандемияға қарамастан, 14,2 мың адам Қазақстаннан көшіп кетті

көрнекі фото: factum.kz

Биыл қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстанға 4,6 мың адам көшіп келді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 34,9%-ға аз. Сонымен қатар, пандемияға қарамастан, 14,2 мың адам Қазақстаннан көшіп кетті. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 29,3%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ranking.kz мәліметінше, көші-қон сальдосы: елден кеткендер мен елге келгендер санының айырмашылығы 3,1 есе құрады.

Өңірлік бойынша, азаматтардың басым бөлігі Қарағанды облысынан кетті - 2,1 мың адам, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 37,5%-ға артық. Екінші және үшінші орында - Шығыс Қазақстан (1,8 мың адам) және Павлодар (1,5 мың адам) облыстары. Ең аз көрсеткіш Қызылорда облысында (32 адам басқа елге көшкен).

Ал, келгендердің саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр: жарты жыл ішінде мегаполиске 866 адам көшіп келді. Келушілердің саны бойынша алғашқы үштікке Маңғыстау облысы (841 адам) және Шымкент (419 адам) кірді. Қызылорда облысына бар-жоғы 6 адам келген.

Қазақстанға келгендердің арасында техникалық мамандығы барлар саны көп (500 адам), экономистер - 266 адам, медицина мамандары - 152 адам, заңгерлер - 86 адам, сәулетшілер - 48 адам.

Ал, елден көшіп кеткендердің қатарында: техникалық мамандығы барлар - 2,4 мың, экономистер - 1,2 мың, педагогтер - 678, медицина қызметкерлері - 417, заңгерлер - 282, сәулетшілер - 209. Қалғандары - басқа мамандық иелері.

Ranking.kz мәліметінше, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін кеткендердің саны үнемі артып отырған. 2020 жылы карантиндік шектеулер мен шекаралардың жабылуына байланысты бұл көрсеткіш төмендеген. Алайда, биыл эмиграция қарқыны қайта белең алған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.