Алматыда коронавирус жұқтырған әйел мобильді бригаданы 11 күн күткен

Дәрігер науқасты КТ кезегіне қоюды ұмытып кеткен

Коронавирус жұқтырған Валерия Ли есімді алматылық әйел 11 күн бойы мобильді бригада жібере алмаған емхана басшылығына қатысты шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Facebook желісіндегі парақшасында мән-жайды баяндаған алматылық 10 тамызда мобильді бригаданы шақырғанын, алайда емхана дәрігерлерді келесі күні жібереміз деп жауап бергенін жазды.

«Дәрігерлер келмеген соң, 12 тамызда тағы қоңырау шалдым. Олардың айтуынша, менің өтінішім тіркелмеген. Яғни, екі күн бойы біз үйде бекер күткенбіз. Телефонмен сөйлескен кісі тексеруге өзіміздің келуімізді сұрады. Балаларымызбен бардық. Алдымен кезекте отырдық. Сосын екінші кезекті күттік. Содан кейін ПТР-тест кезегінде тұрдық. Бір қызығы, дәрігерлер балаларды ПТР-тестен өткізуге жібергісі келмеді: педиатр қарап, бұл энтеровирус екенін айтты. Мен үлкен баламның дәм мен иіс сезбей қалғанын айтып, ПТР-тестен өткізуін талап еттім. Екі баламда да құсу және диарея белгілері бар. Жарайды, содан кейін тапсырды. 13 тамызда олар қоңырау шалып, менің және үлкен баламның ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Олар ешқайда шықпауды және мобильді бригаданы күту қажеттігін айтты. Сол бойы хабарсыз кетті», - деп жазады Valeriya li есімді желі қолданушы.

Әйелдің жағдайы нашарлаған соң, ол тағы да емханаға қоңырау шалған. Алайда, олар мобильді топтың келіп кеткенін, оны дәлелдейтін тиісті белгінің бар екенін айтқан.

«Жақсы, келеді, күтіңіз» деді. Сонымен, дәрігер 21 тамызда сенбі күні келіп, үшеуімізді қарап шықты. Тек қандағы оттегінің деңгейін тексерді. Өкпені тыңдау, температураны өлшеу, тамағымызды қарау сияқты қарапайым әрекеттерді жасаған жоқ. Мен өзім қабылдап жатқан дәрі-дәрмектерді қайта тағайындады. «Біз сізді кешке КТ-ға әкетеміз, немесе өз бетіңізбен емханаға, одан кейін 12 қалалық ауруханаға барыңыз» деді. Астымда көлігім болмағандықтан, дәрігерді күтетінімді айттым. Сонымен 4 күн күттім. Дәрігер қоңырауға жауап бермеді, кейде өшіріп тастап отырды. Емхананың тіркеу бөлімінде: мобильді бригаданың мәселелері бойынша олардың өздеріне қоңырау шалуым керектігін айтты. Бірақ, оларда менің қоңырауыма жауап бермеді», - деп жазды автор.

Әйел бұл жағдайға шыдай алмай, 24 тамызда емханаға өз бетімен барған.

«Ауру күйімде дені сау адамдармен, жүкті және жас балалармен бірге емханаға баруға тура келді. Себебі, ол дәрігер мені КТ-ға кезекке қоюды, оны базаға енгізуді ұмытып кетіпті. Олар мені кабинеттен қуып шығуға тырысты. «Мен екі баланы үйде жалғыз қалдырдым. Науқас күйде келдім. Жөтеліп жатырмын. Себебі сіздің дәрігерлеріңіз дұрыс жұмыс істемейді. Маған назар аудару үшін 17-ші емхананың табалдырығында өлу оңайырақ» деп айтуыма тура келді», – деп жазды алматылық тұрғын.

Осыдан кейін әйелге жолдама беріліп, КТ-ға жеткізілген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.