Петропавлдағы №21 мектепте қазақ сыныптары жабылып қалды
Облыстық білім басқармасының басшысы болса бұған жол берілмейді деп отыр
Петропавл қаласындағы №21 орта мектепте мемлекеттік тілде білім беретін кейбір сыныптар жабылып қалды. Ата-аналар оқушылардың құжаттарын басқа білім ордаларына тапсыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аталған мектепте 2012 жылы балаларға қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашылған болатын. Ата-аналармен кездескен Петропавл қалалық білім бөлімінің мамандары оларды жабу керектігін айтып, басқа мектептерден орын ұсынған.
«Кездесуде орыс мектебінің жанынан ашылған сыныптарда білім сапасы болмайтыны айтылды. Өйткені мұғалімдердің бәрі келіп-кетіп жұмыс істейді. Мамандар балалардың болашағын ойлауға міндетті екенімізді айтты. Береке шағын ауданында былтыр ашылған жаңа мектепке барлық бала қабылданатынын айтты. Ата-аналар бастапқыда қарсылық көрсеткен. «Сапа жоқ» дегенен кейін амалсыз көнгендей болды», - дейді редакциямызға хабарласып, шағым түсірген ата-ана.
№21 орта мектеп орналасқан ауданда қазақ мекебі мүлде жоқ. Сондақтан балалар басқа аудандарға барып оқуға мәжбүр болады. Кейбіріне діттеген жеріне жету үшін екі автобусқа отыруға тура келеді. Ата-аналар әсіресе қыс мезгілінде балалар қиналатынына алаңдаулы. Ал, Петропавл қалалық білім бөлімі қазақ сыныптарының жабылуын оқушы санының аздығымен түсіндірді.
«Қазақ тілді сыныптарға сұраныс жоғары болғандықтан 2012 жылы №21 орта мектепте мемлекеттік тілде оқытылатын сыныптар жұмысын бастаған еді. Уақыт талабына сай қаламызда 6 қазақ мектебінің ашылуымен оқушылар өз ықшам аудандарындағы мектептерге ауысты. Жиналыс кезінде ата-аналарға ұсыныс жасалды. Дүйсенбіге дейін ойлануға уақыт берілді. Қалуға ниет білдірген жағдайда, барлық қазақ тілді сыныптар жұмыстарын жалғастырады», - делінген аталған бөлім жолдаған ақпаратта.
Мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік солтүстіктегі мемлекеттік тілдің даму деңгейі төмен болып тұрғанда қазақ сыныптарының жабылуына наразылық білдірді.
«Құрметті тіл жанашырлары! Қаладағы бірде-бір мектепте қазақ тілінде білім алып жүрген сыныптардың жабылуына жол берілмейді», - деп пікір қалдырды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО