Қуаңшылық, малдың қырылуы: Маңғыстау өңіріне кім қандай көмек берді?
Өңірдегі бірде-бір кәсіпкер жерлестеріне материалдық көмек көрсетпеген
Қазақстанның бірнеше өңіріндегі ауа райының шамадан тыс ысуы құрғақшылыққа әкеп соқты. Әсіресе, жауын-шашынның аздығынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен аймаққа қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Бүкіл ел бойынша еріктілер де вагондармен жем-шөп жіберіп, шамасы жеткенше батыстағы ағайынға көмек қолын созуда.
Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрлан Орынбасаров Azattyq Rýhy тілшісіне бүгінде Маңғыстау облысына республикадағы өңірлер, кәсіпкерлер көрсеткен қолдау, көмек жайлы сұрап білді. Маманның берген есебінен білгеніміз, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек қолын созған тек қарапайым халық қана. Бізге ұсынылған мәліметтен өңірдегі бірде-бір ірі кәсіпкердің, танымал деген филантроптың, тіпті, мұнайлы өлке атанған аймақ компанияларының ешбірі жоқ (тек бірінің ғана аты аталды).
Маңғыстау облысындағы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көрсетілген көмектер картада бейнеленген. Алғаш болып 24 жастағы Түркістан облысының тұрғыны Құрмет Талапқазы қазақстандықтарды ерікті ретінде көмек беруге шақырып, әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жасаған болатын.
«Маңғыстау облысындағы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға еліміздің өзге өңірлерінен яғни, Түркістан облысынан – 88 вагон, Шымкент қаласынан – 10 вагон, Алматы облысынан – 27 вагон, Алматы қаласынан – 1 вагон, Қарағанды облысынан – 5 вагон, Нұр-Сұлтан қаласынан – 2 вагон, Қостанай облысынан – 2 вагон, 2 800 тоннаға жуық тегін шөп пен гуманитарлық көмек көрсетілді. Қазір қосымша Алматы облысынан – 19 вагон, Жамбыл облысынан – 8 вагон және Қарағанды облысынан – 3 вагон тегін шөп келеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақтөбе облысынан – көлікпен 2 340 орама және 1 000 түк және Батыс Қазақстан облысынан – 1 400 орама, 900 түк тегін шөп тасымалданды. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін бір ғана «Маңғыстау Мұнай Газ» АҚ-нан 12,5 тонна дизель отыны алынып, шөп шабушы бригадалар мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан шөп тасымалдап жеткізген көліктерге жұмсалды. Қазір ҚР АШМ ашқан қорға арнайы штаб құрылды, қорда қанша ақша бар жөнінде ақпарат штабтың құзыретінде», - деді бас маман.
Шөп «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны – «Қазтеміртранс» АҚ меншігіндегі вагондарға тиеледі. Пішен Атбасар, Арқалық, Қарағанды, Шелек, Тараз, Шу, Сарыағаш, Арыс, Орал, Шымкент және т.б. станциялардан жөнелтіледі. Жеткізілетін станциялар – Маңғыстау, Өзен, Шетпе, Бейнеу, Сексеуіл және басқалары.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау мен Қызылорда облысында қуаңшылықтан 1,7 мың мал басы қырылды
11 тамыз күні Ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету туралы үндеу жариялады.
Одан бөлек, АШМ қызметкерлері қолайсыз табиғи құбылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындар мен фермерлерге көмек ретінде, өздерінің бір күндік жалақысын Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы шотқа жіберетіндерін мәлім еткен. Осыған орай, министрлік барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарын қиын жағдайға тап болған отандастарымызды қолдауға шақырды.
Қаржылай көмек Маңғыстау облысы әкімдігі ақшан есепшотқа «Казимпэкс-Ақтау» қоры арқылы жиналып жатыр. Azattyq Rýhy тілшісімен сөйлескен Қор директоры Дайрабай Мамашұлының мәліметінше, өткен жұма күнгі есеп бойынша, бір күнде шотқа - 218 мың теңге түскен.
«Жұма күні қорға 218 мың теңге түсті. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің аударған қаражаты болар. Әзірге осы», - деді Қор директоры.
Ашық дереккөздегі мәліметке сүйенсек, «Казимпэкс-Ақтау» қоры «құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерге терроризм, экстремизм және басқа қылмыстармен күресуде көмектеседі». 2006 жылдың 18 қазанында тіркелген, шағын бизнес (5 адамға дейін).
Бұл қор былтыр пандемия кезінде әкімдікпен бірлесіп, мұқтаж отбасылар мен жұмыссыздарға қаражат жинап, шамамен 3 мыңға жуық көмек қорабын таратқан.
Қорға түскен қаражатты арнайы комиссия қарап, қайда жұмсау керек екенін протокол бойынша шешеді. Қор басшысының айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттен қысқы дайындыққа 6,5 млрд теңге бөлінуде, оның 4,5 млрд теңгесі жемге, 1,9 млрд теңгесі шөп алуға жұмсалады.
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қор туралы ештеңе білмейтінін, десе де сол қор арқылы қалаған адам қуаңшылықтан зардап шеккен ағайынға көмек қолын соза алатынын айтты.
«Өкінішке қарай, ол «Казимпэкс-Ақтауды» Маңғыстау облысының әкімдігі ұсынды. Білуімше, бұл қор әкімдік тарапынан осындай түрлі жағдайларға пайдаланылады», - деді ведомство басшысы.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан