Қазақстандағы танымал антиваксерлер кімдер?
Вакцина алмағандарға арналған пәтер ұтысы, медицинадағы бизнес және бүкіләлемдік қарсылық теориясы

Вакцина алмағандарға арналған пәтер ұтысы, медицинадағы бизнес пен бүкіләлемдік қарсылық теориясы
9 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғаушылар саны - 5,8 млн, екінші компонентін алғандар саны - 4,4 млн адамды құрап отыр.
Күні кеше ғана КВИ-ден бір тәулікте 154 адам көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын вакцина алуға шақырып үгіт-насихат жүргізгенімен, қарапайым халықтан бөлек, танымал тұлғалардың өзі халықты вакцина екпеуге белсенді түрде шақыруды жалғастырып жатыр. Антиваксерлердің қатарында дипломы бар дәрігер, айтыскер ақын, спорт пен өнер саласының өкілдері бар.
«Антиваксер» – екпе алуға қандай да бір себеппен қарсы шығушы. Вакцинаға қарсы қозғалыс 1798 жылы Британ империясында ағылшын ғалымы Эдвард Дженнер шешек ауруына қарсы вакцина ойлап тапқаннан кейін басталды. Ол кезде көпшілігі діни көзқарасына байланысты вакцинаға қарсылық танытса, бүгінгі антиваксерлер: «екпеден кейін аутизм болуы мүмкін», «КВИ бүкіләлемдік адамзатты жою саясаты», «екпе вирустан қорғамайды», «бізді әдейі улап жатыр» деген желеуді алға тартуда.
Azattyq Rýhy еліміздегі танымал антиваксерлерге шолу жасап шықты.
Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаш коронавирус толқыны басталғаннан-ақ, вирустың барына күмән келтіріп, оқырманын «бүкіләлемдік қастандық теориясына» сенбеуге шақырды. Одан бөлек, белсенді қазір вакцина алмағандар арасында «Балғынбектен баспана» атты ұтыс ойнатып, сыйлыққа пәтердің алғашқы 30% жарнасын төлеуді ұсынып отыр.
«Алла тағала адамдарды ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Енді әлемдік күштер күштеп вакцина салдыру үшін бізді әр түске топтайтын болыпты. Екпе ектіргендер – жасыл, екпегендер – қызыл, ПТР тапсырғандар, ауырып айыққандарға қатысты басқа да түстер бар. «Жасылдарға» бәрі рұқсат, «қызылдарға» кей жерлерге рұқсат жоқ. Бұл мәжбүрлемей «мәжбүрлеу» ғой. Мен жазда ауырып шықтым. Енді маған екпе егу керек емес. Керек болса да екпе алмас едім. Тағдырымды вакцинаға емес, Аллаға тапсырдым. Алла ұлық, шайтанға құлдық жасағандар, Алладан басқа қожайыны бар жандар, менен аулақ жүріңіздер! Екпең де, өкпең де өзіңе!», - деп жазған желідегі парақшасында 179 мың оқырманы бар айтыскер.
Бұрын реабилитолог болып жұмыс істеген шымкенттік дәрігер Айна Бакеева коронавирус пандемиясы басталғалы бері қазақстандықтарға ақыл-кеңесін ұсынып, КВИ-ден емделудің түрлі жолдарын ұсынып, антиваксерлермен бірге тікелей эифрлер өткізіп, тілшілер қауымына сұхбат беріп жүр.
«Пандемия болып жатқан кезде және ауырып жатқан адамға вакцина жасалмайды. Вакцина толықтай дені сау адамға салынуға тиіс. Біздегі бірде-бір вакцина үшінші клиникалық сынақ зерттеуінен өткен емес. Төртінші сынақта вакцина алған адамдарды бақылауға алу қажет және ол бақылау біздегідей небәрі 3 күн емес, 2-5 жыл болуы керек. Адам коронавируспен ауырған болса, оған вакцина егудің қажеті жоқ. Үшіншіден, адамдар вакцина егуге өз еркімен барған күнде де, олардың денсаулығы екпеге дейін де, кейін де толықтай бақылауға алынып, екпе құйылған құты -18 градус температураны сақтаған болуға тиіс. Қазір екпе алып жатқандар эксперименттің қатысушылары ғана», - деді дәрігер Есен Елеукенге берген сұхбатында.
Instagram желісінде 1 миллион 800 мың оқырманы бар әзілкеш Нұрболхан Шарапов халықты екпе алуға міндеттеп жатқан Үкіметке ашулы. Ол жазбасында вакцинаны міндеттеп жатқан «сыртқы күштер» екенін айтады.
«Логикасы жоқ билiк! Қазiр билiкке бiрдеңе айтсаң, оппозиционерсiң немесе арандатушысың. Сонда сөз еркiндiгi, адам құқығы, заң қайда? Конституцияға сәйкес, әр адам өз ойын еркін айтуға құқылы. Президент «вакцинаның толық салынбай, адамдардың ауруханаға көптеп түсуiне антиваксерлер кiнәлi» дептi. Былтыр адам қырылғанда антиваксерлер болған жоқ. Ол кезде кiм кiнәлi болды, билiк? Коронавирусқа деп қаншама триллион жұмсадың. Нәтиже қайда? Сол ақшамен вирусты тоқтатамын деп ойладыңдар ма? Күлкiм келедi. Айтпақшы, 6 трлн теңгенi қанша адам бөлiп алдыңдар, билiктегiлер? Одан кейiн вируспен күресуге тағы қанша ақша бөлiндi. ДДСҰ-ға қанша қарызсыңдар, мемлекет? Өз еркiңмен ештеңе қабылдап жатқан жоқсыңдар. Сыртқы күштiң әсерi мықты болып тұр. Сингапур мен Ұлыбритания вирустан шаршады. Ендi олар коронавирусты жәй тұмау сияқты ауру деп қабылдаймыз деп шешiм шығарып, бүкiл шектеудi алып тастады. Миы iстейдi басшысының. Себебi оларға сыртқы күш әсер етпейдi. Олар ешкiмге тәуелдi, қарыз емес. QazVac-ты ДДСҰ-ға тіркеу үшiн қанша төлейсiңдер? Медицина бизнеске айналып кеттi! Бұл факті және оны біліп тұрсаңдар да мойындағыларың келмейдi. Халайық, мынаны ескерiңiздер, вакцинаға қарсы боп жатқан тек бiздiң ел ғана емес. Көздi ашып, жан-жаққа қараңыздар. Сауатты болайық, сауатсыз болғаннан кейiн мәжбүр боп жатырмыз», - деп жазған ол.
Белгілі файтер Қуат Хамитов пен «Aл Давай» тобының солисі Шоқан Маратұлы да желідегі парақшасында коронавирустың өтірік екенін айтуды жалғастырып келеді.
Айта кетейік, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып есептеледі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан