$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2021, 23:49
Қоғам

«Мектеп формасын міндеттеу керек»: танымал педагог министр Аймағамбетовтың шешіміне қарсы шықты

Ол оқушылардың дүние-мүлікпен жарысуына жол бермеу керек дейді

«Мектеп формасын міндеттеу керек»: танымал педагог министр Аймағамбетовтың шешіміне қарсы шықты
Фото ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушыларға мектеп формасын киюді міндеттемейтінін хабарлаған болатын. Оқушылар форманың орнына классикалық үлгідегі киімдерді кие алады. Алайда, танымал педагог, елордадағы №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы министрдің бұл шешімін қолдамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мектеп формасы оқушыларды бай мен кедейге бөлмес үшін маңызды.

Мұндай пікірін педагог өзінің Facebook-парақшасында жазды. Айтуынша, оқушылар классикалық киім деп қымбат киімнің жарысын өткізеді. Ал, бұл жайт әлеуметтік жағдайы төмен балаларға ауыр тиеді.

«Сондықтан жалпы мектеп формасын міндеттеу керек, бұл – жеке пікірім. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды. Оны таратпасам да түсінікті», - деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.

Ол сондай-ақ, оқушылар арасында тек киіммен емес, смартфонмен де бәсеке барын айтты. Әсіресе ірі қалаларда бұл қатты байқалады дейді ол. Ал, қымбат телефонға қолы жетпеген бала ұрлыққа баруы мүмкін.

«Кітап алуға, оқу құрал жабдығына көмек сұрап келген, киіміне көмек сұрап келген, мемлекеттік көмектерге құжат тапсырып жүрген ата-аналардың талайының балаларының қолынан ең соңғы үлгідегі смартфонды (IPhone-12, pro, т.б.) көргенде түсіне алмаймын. Өткен жылы мектептен планшет, нотбук сұрап келген ата-ананың баласының қолынан соңғы үлгідегі IPHONE көріп те түсінбей қалғам...

Ал кейде оқушылардан бақылау алғанда телефон жинап аламын. Ана телефондарға қарап отырып біздің қоғам керемет бай деп ойлайсың. Бір сыныптағы оқушының 70%-ның телефоны ең соңғы үлгіде болады.

Біраз жыл бұрын оқушылар алдында телефонымызды алып шыққаннан ұялатын кездер болған, ағай, сіз осындай ұстайсыз ба, нашар ғой бұл деп тұратындар да кездесетін...

Шын мәнінде, бұл - мектептегі ең ауыр мәселенің бірі. Себебі үлкен жарыс. Бала ата-анасына жыласа да, айғай шығарса да алдырады. Кей ата-аналар беске оқысаң, алып берем деп ұтысқа тігеді. Ол оқушы жылап-сықтап баға сұрайды сосын...

Мүлде шамасы келмейтін балалар ше, көңілі түседі, жасиды, қорланады. Кей оқушылардың қылмысқа баруына түрткі болуы да мүмкін...» - деді педагог.

Мәселені шешу үшін А.Ахметжанұлы оқушылар арасында да белгілі бір стандарт пен норма енгізу қажеттігін айтты.

Серіктес жаңалықтары