$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2021, 16:44
Қоғам

СҚО-дағы Обухов кен байыту комбинатындағы 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Жұмысшылар осы айда жалақысыз қалуы мүмкін

СҚО-дағы Обухов кен байыту комбинатындағы 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Солтүстік Қазақстандағы Обухов тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп жүрген 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірнеше күннен бері кәсіпорындағы тіршілік тоқтап тұр. Оған жергілікті полиция қызметінің аталған компания көліктерінің жүк тасымалдауына тосқауыл жасауы себеп болып отыр екен. Әділдік іздеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған жұмысшылар ел Президентіне хат жолдамақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тау-кен байыту комбинаты басшылығының айтуынша, жүк көліктері экспортқа жөнелтілетін тауарды теміржолға жеткізе алмай отыр. Өйткені оларды полиция қызметкерлері Тайынша ауданының аймағынан да асырмай отыр. Құзырлы орган өкілдері бұл фактіні жоққа шығарған жоқ.

«ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МҰРША БЕРСЕ ЕКЕН ДЕЙМІН»

«Тайынша аудандық полициясының өндірісінде «Тиолайн» серіктестігінің құрылтайшысына қатысты сот шешемін орындамау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Оған сәйксе аталған компания аумағынан ештеңе шығаруға болмайды. Жүктің «Тиолайн» және Обухов кен байыту орнындарының бірінен тасымалданып жатқаны анықталды. Заттай айғақ ретінде тәркілеген концентраттың қай фирманың мүлкі екендігі анықталады. Одан кейін тиісті шешім қабылданады», - дейді Тайынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қанат Қасенов.

Обухов тау-кен байыту комбинаты серіктестігінің директоры Данил Долголев қылмыстық істің негізсіз қозғалғанын, бұл жөнінде құқық қорғау органдары оған ешқашан хабарламағанын (ескертпегенін - авт.) алға тартты.

«Үш маусымнан бері күн сайын біздің жүк тасымалдайтн көліктер тоқтатылады. Себебі түсіндіріліп жатқан жоқ. Алдыңғы күні түнде полиция цирконий концентратын алып қойды. Біз оны сата алмасақ, жұмысшыларға жалақы беріп, салықты өтей алмаймыз. Біз «Тиолайнның» емес, өзіміздің мүлікті шығарып жатырмыз. Оның барлығын дәлелдейтін құжаттарымыз бар. Полицейлер маған қатысты қозғалған қылмыстық істі желеу етеді. Бізге жұмыс істеуге мұрша берсе екен деймін», - дейді Данил Долгалев.

Қылмыстық іс сот орындаушысының ұсынуы бойынша қозғалған. Оған «Тиолайн» компаниясы акционерлерінің арасындағы бірнеше жылдан бері шешімін таппай отырған дау себеп.

«Тиолайн» серіктестігінің атқарушы органына 3 жылдан бері кен байыту комбинатына кіруге кедергі келтірілуде. Осыған байланысты сот отырысы болды. Оның нәтижесі бойынша шығарылған акт сот орындаушыларға жіберілді. Ол орындалмай отыр. Қазір кейбір тұлғалардың комбинатқа кіру құқығы жоқ. Ол орындалмай отыр. Олар кенді заңсыз өндіріп жатыр», - дейді «Тиолайн» серіктестігі директорының орынбасары Кирил Саверский.

80 тонна цирконий концентраты салынған қаптар теміржол арқылы Ресей мен Қытайға экспортталуға тиіс еді. Енді 17 млн теңгенің тауары полиция бөлімшесі ғимаратының сыртында қаңтарылып тұр. Екі күн бұрын жүк заттай айғақ ретінде тәркілеген. Мамандардың айтуынша, оны ашық аспан астында сақтауға болмайды. Концентраттан бөлінген радиоактивті заттар ауаға таралып отыр. Ол адам қоршаған ортаға ғана емес, адам ағзасына да айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін.

«Қылмыстық іс тергелуде. Сот шешімін орындамау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілген болатын. Бүгін соған қатысты шағым түсіп жатыр. Қалған ақпаратты айта алмаймыз. Серіктестік басшылығына, жұмысшыларға түсіндірдік. Бізге арыз жазуы керек. Бәрі қағаз жүзінде рәсімделуге тиіс. Бұл мәселе біздің қадағалауымызда», - дейді Тайынша ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров.

«ЖҰМЫСҚА ҮМІТПЕН КЕЛІП, ҮЙІНЕ УАЙЫММЕН ҚАЙТАДЫ»

Қазір кен орнында тыныштық орнаған. Шикізатты кәсіпорын аумағынан шығару мүмкіндігі болмағандықтан, оны өндірудің де қажеті жоқ. Келлеровка ауылына жиналған жұрт полициядан тәркіленген жүкті қайтарып беруді талап етті. Өйткені бұған дейін алынған 100 тонна концентрат иесіне кері қайтарылмаған. Комбинаттағы жағдай жуық арада түзелмесе, жұмысшылар осы айда жалақысыз қалуы мүмкін.

«2017 жылы мен Көкшетау қаласынан келдім. Осында жұмыс істеу мақсатында. Кәсіпорынды көрсеңіз, бәрі қирап жатқан.. Ішінде сау ештеңе болған жоқ. Соның барлығын халық істеді, өз қолдарымен өндіріс орнын көтерді. Қазір Құдайға шүкір, 500-700 мың теңгеден жалақы аламыз. Ертең кәсіпорын жабылып қалса, біз не істейміз? Қайда барамыз? Ешкімге қол жайып отырған жоқпыз. Тек жұмыс істеуге мұрша берсе дейміз. Мемлекет қазынасына қаншама салық төлеп жатырмыз. Бармаған жеріміз жоқ. Амал таусылды», - дейді кен байыту комбинатының шебері Марат Шеген.

«Обухов тау-кен байыту комбинаты» серіктестігі жалақы көрсеткіші жөнінен облыс бойынша бірінші орында тұр. Алайда 500 адам күн сайын жұмысқа үмітпен келіп, үйіне уайыммен қайтады. Өйткені осындай кедергілердің кесірінен кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылғандардың бірі лаборант Гүлмира Абдуллаева. Ол жұмыс орнын сақтап қалу үшін бәріне төзуге дайын екенін айтты.

«Жұмыссыз қалғым келмейді. Айлық жалақым - 265 мың теңге (қолға тиетіні). Қыс келе жатыр, отын-көмір алу керек. Балаларды жаңа оқу жылына әзірлейсің. Күнде көзіме жас аламын. Уайым болды. Жұмыс тоқтап қалса, бала-шағамды қалай асыраймын? Жүрек ауырады. «Қарусыз соғыс» деп аталады, бұл әрекет. Бейбіт заманда мынадай кәсіпорынға тыныш жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Енді Ақордаға баратын шығармыз. Президенттен көмек сұраймыз. Басқа амал қалмады», - дейді ол.

«Обухов тау-кен байыту комбинаты» серіктестігі жалақы көрсеткіші жөнінен облыс бойынша бірінші орында тұр. Көпшілік жұмыс орнын сақтап қалу үшін ел Президентінен араша сұрамақ.

Тайынша ауданындағы Обухов титан-цирконий кен орны 1958 жылы табылған еді. Қазба байлықтарының мұндай мол қоры әзірге Аустралияда ғана анықталған. Оның бірегейлігі өндірілген шикізаттың ұсақтығында, яғни өңдеу жеңіл. Электроника, атом энергетикасы, зымыран жасау саласында пайдаланылатын шикізатқа сұраныс жоғары. Алайда кен орнының төңірегінде туындаған түйіткілді мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Оған акционерлердің өзара тіл табыса алмауы себеп.

1994 жылы оны Геология комитеті зерттей бастады, бірақ төрт жылдан кейін  экономикалық дағдарысқа байланысты жұмыс тоқтап қалды. Обухов кен орнының қоры 7,2 миллион текше метр шикізатқа бағаланды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары