ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Ashyq қосымшасындағы «көк мәртебе» біржола алынуы мүмкін

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы бұл процестің қашан жүзеге асырылатынын айтты

Ashyq жүйесіндегі «көк мәртебе» алынып тасталуы мүмкін. ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл қазақстандықтардың көпшілігі вакцинацияланғаннан кейін ғана жүзеге асырылады..

«Олар Ashyq жүйесіне еркін кіре алады. Қазір біз «жасыл» мәртебесін жүйеге енгізудеміз. Вакцинаның тек екі компонентін емес, бір компонентін алған азаматтар да «жасыл» белгімен шығады. Бұл шешім өз кезегінде азаматтарды вакцина алуға ынталандырады, сондай-ақ «көк» түсті мәртебедегі адамдар санын азайтады», - деді ол.

Комитет басшысының айтуынша, Ashyq қосымшасынан «көк мәртебені» алып тастау үшін әлі де уақыт қажет.

«Қазір Ashyq қосымшасынан «көк» түсті мәртебені толығымен алып тастау туралы айту әлі дұрыс емес. Өйткені, вакцинаның І компонентін алғандар саны 5 миллион, яғни қалған 8 миллионы «көк» мәртебемен. Бірақ вакцина алғандар санының артуымен біз «көк» мәртебесін Ashyq жүйесінен мүлдем алып тастау мүмкіндігін қарастырмақпыз», - деді комитет басшысы.

Ashyq –  қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.