Елордада мүгедектігі бар көпбалалы әйел бірнеше жанды жұмыспен қамтып отыр
Аякөз Шнайдер тігін цехын ашқан

Астаналық көпбалалы ана Аякөз Шнайдер денсаулығы сыр беріп, мүгедектік алған соң, тігін цехын ашты. Кәсіпкер тоқыма бұйымдары, киімдер және эко-сөмкелер тігіп шығарады. Бұл – әлеуметтік жоба, себебі Аякөз денсаулығына байланысты ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамтып отыр.
Аякөз Шнайдер – үшінші топтағы мүгедек. 2014 жылы инсульт алғаннан кейін ол ешбір жұмысқа қабылданбай, қиындыққа тап болған. Алайда, алты баланың анасы мойымай, 2020 жылы елордалық әкімдікке барып көмек сұрайды. Осылайша, әлеуметтік кәсіпкерлік курстары мен грант алу конкурсына қатысады.
«Мен Атамекенде («Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы) оқып, 500 мың теңге грантқа ие болдым. Содан кейін бірден Janome кестелеу машинасын сатып алдым. Жәрдемақымды жинап, тоқыма материалдарының қималарын сыпыруға арналған тігін машинасын алдым. ӘКК маған ғимаратты жалға берді, ішін жөндеуден өткізіп, жиһазбен өздері жабдықтап берді. Нәтижесінде мен өзім сияқты жұмысқа тұра алмайтын адамдарды жинадым», - дейді көпбалалы ана.
Тігу және тоқыма қолөнерін Аякөзге бала кезінде әжесі үйретіпті. Тігін цехын 6 баланың анасы осы әжесінің құрметіне «Жібек» деп атаған. Денсаулығындағы қиындыққа қарамастан іс бастап, оны көркейтіп отырған шебер өмірдің сынағына қарсы тұра білуді, алға ұмтылуды өзі арқылы үлгі етіп көрсетуді мақсат еткен.
«Кеше бізге блогер келіп жарнама жасап берді. Көпбалалы аналар, мүгедектер жұмыс істеп, өздерінің шығармашылық өнерін көрсететіні туралы қаншама жақсы пікір оқыдық. Егер біз жұмыс істейтін болсақ, көпшілік ризашылықпен қарайды», - дейді Аякөз.
Қазір цехта 6 қызметкер жұмыс істейді. Әзірге тек тапсырыспен ғана тігіп жүр. Өнімнің бағасын нарықтан төмен ұстауға тырысқан кәсіпкер әйел енді жаңа жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Басты мақсат – өндіріс көлемін ұлғайту, бұдан да көп адамға жұмыс орнын ұсыну.