Алматы облысында кәсіпкер қыздың малын тәркілеген сот орындаушының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Сот орындаушысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған

Алматы облысында кәсіпкер қыздың малын тәркілеген сот орындаушының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында несиелік компания 24 жастағы кәсіпкер қыздың мал-мүлкін тартып алғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Ақтоты Тұрсынәлінің асыл тұқымды сиырлары өзіне қайтарылатын болды. Ал, қора толған малды бір сәтте жүк көліктеріне тиеп алып кеткен сот орындаушысының үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр. Өйткені ол мүлікті заңсыз тәркілеген деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ақтоты Тұрсынәлі асыл тұқымды мал өсіруді осыдан үш жыл бұрын бастаған. Мемлекеттің қолдауымен ол «Сыбаға» бағдарламасы аясында 70 млн теңге несие алып, Ресейден ірі қара мал сатып әкеледі. Кәсіпкер қыздың одан бөлек қойлары да бар. Шаруа қожалығының жері шұрайлы және бірнеше гектар аумақты алып жатыр.

Жап-жас болып осындай кәсіпті дөңгелетіп отырғаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жетіп, ол Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталған. Тіпті, Тоқаевтың инаугурациясына құрметті қонақ ретінде шақырылып, сонда сөз сөйлеген.

Алайда, Ақтотының осындай сәтті бизнесі өткен жылы пандемия басталғанда быт-шыт болыпты. Кәсіпкерге несиені берген «Талғар несие серіктестігі» ЖШС қарызды 10 жылда емес, дереу қайтаруың керек деп жағадан алған. Аяқасты мұндай үлкен соманы тауып бере алмаған соң несие серіктестігінің басшысы астанадағы экономикалық арбитраж арқылы Ақтотының қожалығын тартып алуға шешім шығартқан.

Үлкендермен ұзақ уақыт дауласқан кәсіпкер қыздың жүйкесі ақыры сыр беріп, ол ауруханадан бір-ақ шығады. Осы сәтте қыздың қорасына «Талғар несие серіктестігі» ЖШС басшысы мен сот орындаушысы және бірнеше адам келіп, бүкіл сиырын 6 көлікке тиеп алып кеткен. Сот орындаушысы малды тәркілегені туралы ешқандай хаттама толтырмаған.

«Сыбаға» бағадарламасы арқылы он жылға 70 млн теңге несие алғам. Келісім шарттың екі жылы өтпей жатып Николай Уразгалиев әлгі ақшаны 81 млн теңге етіп алдын ала қайтар деді. Несиенің әлі сегіз жылы бар. Олар менің «фазендама» қызығып отыр. Олардың қысымына шыдай алмай ауруханаға түсіп қалғанымды пайдаланып, малшыны қорқытып, шаруашылықтағы 74 бас ақбас сиыр мен 34 бас бұзауды 12 адам болып келіп, 14 шілде күні тиеп кеткен. Малшымды қорқытқаны сонша, жұмысшы қашып кеткен. Бұл нағыз бассыздық, барымталау, 90 жылдардағы рэкет әдісі. Мен жалғыз, әрі жас кәсіпкер қызбын. Бұлар мені басынып, малымды шаруашылығыммен қоса тартып алмақ. Уақытынан кешіктірілген несиенің негізгі қарызы 2 млн теңге. Мен оны 2020 жылдың 3 желтоқсанында 2 млн 816 мың теңге етіп қайтардым. Бірақ олар оны қанағат тұтпады. Жуырда маған сот орындаушысы келіп «мына құжатқа қол қой, болмаса машинаңды тәркілейміз» деді. Мен қол қоймадым, айтқандарына көнбеген соң 20 күн бұрын машинамды да алып қойды. 6 млн теңгеге несиеге алған пикап банкте кепілде, оның несиесін төлеп келем. 2 млн теңгесі ғана қалған еді. Малшыларға азық-түлік, дәрі, шаруашылыққа қажетті өзге де дүниелерді тасып отырған көлігім енді айып тұрағында тұр. Күн сайын 1300 теңге қосылады екен. Оны төлеу де менің мойнымда», - деді жас кәсіпкер Ақтоты Тұрсынәлі.

Ақтотының жанайқайы облыс әкімі Амандық Баталовтың құлағына жетіп, ол кәсіпкер қызды жеке қабылдапты. Арызын тыңдап, мәселенің мән-жайын анықтауды құзырлы органдарға тапсырған.

«Жас кәсіпкер Ақтоты Тұрсынәліні облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдағаны рас. Қабылдау кезінде облыс әкімі кәсіпкер кәсібінің тәркіленуінің заңдылығын егжей-тегжейлі тексеру туралы облыстық полиция департаментіне тапсырма берді», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтотының айтуынша, асыл тұқымды сиырларды қазір сот орындаушысы мен несие серіктестігінің басшысы тығып ұстап отырған көрінеді. Олардың арасында 22 сиыр буаз. Туатын уақыты жақындап тұрған асыл тұқымды аналық сиырларды бастырмалатып алыс жолға тиемек түгілі, табынға қосуға да болмайды.

«Сот орындаушысы Айдын Елтаевтың да, оның көмекшісі Айдын Байсабаевтың да менің малымда, дүниемде жеке мүдделері бар. Өзгенің дүниесін, қымбат малын алу арқылы пайдаға кенелмек. Алғашқы сот орындаушы арбитражның шешімін орындаудан бас тартып, көмекшісі Байсабаевты жұмыстан шығарып жіберді. Байсабаев болса жаңа орналасқан жұмыс жеріне маған қатысты құжаттарды аудартып, оны орындауға белсене кірісті. Сот орындаушының көмекшісі қызметін асыра пайдаланып келеді. Байсабаев мені «бұрынғы тергеушімін» деп қоқаңдайды. Оның жұмысы – хабарлама беру ғана. Ол 18 маусым күні де маған ескертпестен шаруашылығыма 6 адам болып келген. Менің сиырларыма ауыл адамдарының малын қосып, өрістен бірге қуып қораға қамаған. Сол кезде ауылдың бұқасы менің асыл тұқымды сиырларыма секіріп үлгерген. Яғни, менің асыл тұқымды ақбас сиырларымның гені бұзылды. Біздің малымызды өрістен жинап келетін олар кім? Осы жолы ауруханада жатқанымды біле тұра 74 бас сиыр мен 34 бұзауды алып кетті. Сот орындаушы мен оның көмекшісі қарапайым малшыны қорқытқан, басына бәле-жаланы үйіп төккен. Шаруашылықтағы малды күштеп тиеп кеткенде қаңырап қалған үйді де біреулер тонап кетіпті», - дейді Ақтоты.

Оның пайымынша, қорадағы малды тартып алуға тек несие серіктестігінің басшысы мен сот орындаушысы ғана мүдделі емес, бұл топта осындай шешімді шығарған экономикалық арбитраж да бар дейді кәсіпкер.

«81 млн теңгені мезгілінен бұрын қайтару туралы шешім шығарған – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бірінші экономикалық арбитраж» ЖШС. Сол жерде жұмыс істейтін Райхан Иманбаева деген әйел. Ол әйелдің бұл істе де мүддесі бар екені туралы ақпарат тараған соң өзінің хатшысы Диана Жұмасованы арбитраж етіп тағайындады. Ол хатшы несие серіктестігінің қызығушылығы бойынша енді менің екі отар қойыма да шешім шығармақ», - деді Ақтоты Тұрсынәлі.

Алматы облысының Іле ауданында мал үшін болып жатқан тартысты облыстық Полиция департаменті қадағалауға алған. Аймақтың бас сақшысы жас кәсіпкерге хабарласып, жағдайды Ішкі істер министрлігі де бақылауға алғанын ауызша мәлімдеген.

«Кәсіпкер аталған жағдай бойынша арыз жазған. Сол арыздың негізінде Іле ауданында жеке сот орындаушының үстінен ҚР ҚК 251 бабы (Жеке нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушылардың, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудиторлардың өкілеттіктерді теріс пайдалануы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, осы іс бойынша бір-екі күнде жаңағы малды алып кеткен адамдардан сиырларды кері қайтару жұмыстары ұйымдастырылмақ. Тергеушілер іс құжаттарды жинап, бүгін-ертең малды иесіне қайтарып береді. Малдың қайда екенін тергеушілер анықтады. Іс облыстық Полиция департаментінің бастығы генерал Серік Күдебаевтың жеке бақылауында», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.