«Еңбек» бағдарламасы: оңтүстіктен солтүстікке көшкендер кері қайтып жатыр
Мемлекет болса биыл тағы 2500 адамды Солтүстік Қазақстан облысына көшіріп әкелмек
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған 140 отбасы туған жеріне қайта оралған. Олар мемлекет тарапынан төленетін материалдық көмекті қайтаруға міндетті. Қарыз өтелмесе, әкімдік ақшаны сот арқылы өндіріп алады. Белшеден қарызға батып, ерсілі-қарсылы көшуге не себеп? «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы неге нәтижесіз? Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрген еді.
АУА РАЙЫ МА ЖАҚПАҒАН?
Елімізде 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Көзделген мақсат – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. 4 жылда Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударыпты. Соның 140-ы өз өлкесіне қайта оралған.
«2020 жылдың маусым айына дейінгі әлеуметтік келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 1 жыл болуы тиіс еді. Биыл бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды. Енді халық тұрақтайды деген ойдамын. Азаматтардың көшіп кетуінің негізгі себебі – отбасылық жағдай және ауа райының жақпауы. Бұл мәселелер ережеде көрсетілген. Көшуге осындай себептер болса, қаржы қайтарылмайды. Қоныс аударушылар келісімшартта көрсетілген мерзімді толығымен өтемей-ақ, шығу өңіріне қайта оралу туралы шешім қабылдаса, ерікті түрде мемлекет тарпынан берілген субсидияларды қайтарады. Қайтармаған жағдай туындаса, Жұмыспен қамту орталығы шығу өңірінде тұрақты тіркелген мекенжайына хабарлама жолдайды, хабарлама жауапсыз қалған жағдайда сотқа жүгінетін болады», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.
«БАҒДАРЛАМАНЫҢ ӨЗІ АҚША АЛЫП, КЕТІП ҚАЛУҒА ЖОЛ САЛЫП ҚОЙҒАН...»
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Әбдіғани Бәзілханұлы көші-қон бағдарламасының басы-қасында жүрген азаматтардың бірі. Ол солтүстікке қоныс аударғандардың тұрақтамауының бірнеше себебін атады. Солардың бірі – бағдарламаны жасауда кеткен олқылықтар.
«Бағдарлама қабылданған сәттен биылға дейін қоныс аударушылар барған өңірінде 1 жыл тұрақтауы тиіс деген шарт болды. Көшіп келгендер мемлекеттер қыруар көмек алады. Келісімде көрсетілген мерзім аяқталған соң, кетіп қалады. Бағдарламаның өзі келген азаматтар ақша алып, кейін ол таусылғанда кетіп қалуға жол салып қойған. Жалпы, бұл мемлекеттік бағдарлама үлкен саясат, стратегиялық саясат. Теріскейге келушілер «ақша алып, жағдайымды жақсартамын» деп емес, «осы жердің иесі боламын, түлетемін» деген ұғыммен келуі керек. Шекаралық өңірге қоныс аудару үшін үлкен жүрек керек. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген нақыл бар. Бір байқағаным, мамандық бойынша шақыртумен келіп жатқандар жұмыс тауып, сіңісіп кетеді. Көбіне қызмет жағдайы келіспегендер кетіп жатыр. Сондай-ақ, бұл бағдарламаны жүзеге асыруда тәжірибе жетпей жатыр, жұмыс белгілі бір жүйеге қойылмаған. Бір мекеме халықты көшіруге, келесісі үймен қамтамасыз етуге жауапты. Үйді сатып алу құқығы бар, салу құқығы жоқ. Осының барлығы ескерілмеген», - дейді Әбдіғани Бәзілханұлы.
«ІШЕК-ҚАРЫН АРШЫП КҮНЕЛТТІМ...»
Теріскейде тұрақтай алмағандардың бірі – Түркістан облысының тумасы Арайлым Елемесова. Ол 4 баласын жалғыз асырап отыр. Туған жерде пәтер жалдаудан жалыққан әйел өткен жылы Солтүстік Қазақстанның Аққайың ауданына қоныс аударған. Смирново ауылында үй берілгенмен, бастауыш сынып мұғаліміне мамандық бойынша жұмыс табылмапты.
«Бірінші болып солтүстікке әпкем көшті. Қонаққа барып, барлап көрдім. Жасыратыны жоқ, үй берілетін болғандықтан мен де көшуге бел байладым. Барғанда баспана оңайлықпен тиген жоқ. Екі ай бойы әлеуметтік төлемді де ала алмай жүрдім. Балаларым ол жақта ауыра берді. Дәрігерлердің жазып берген анықтамасы да бар суыққа шыдамады. Бірақ, бастысы ол емес. Көшіп кетуіме жұмыс табылмағаны себеп болды. Жергілікті шаруашылықтардың бірінде азпаз болдым. Егін ору науқаны аяқталғанда ол да тоқтады. Оның ізін шала соғым сою басталды. Күніне 2-3 жылқы бауыздайды. Соның ішек-қарынын аршып күнелттім. Көшер алдында әкімдік өкілдері мектептен жұмыс берілетінін айтқан. Кейін орын жоқ деген желеумен ол болмай қалды. Іс-қағаздарын жүргізушінің қызметі ұсынылды, орыс мектебінде. Тіл білмеймін. Қолымнан келмейтін боған соң бас тарттым. Балаң үшін бәріне көнеді екенсің. 40 градус аязда ішек-қарын аршумен жүрдім», - дейді көпбалалы Арайлым.
Арайлым Елемесова
Көпбалалы ананың Солтүстік Қазақстанға қайтып барғысы жоқ. Берген уәделерінде тұрмаған шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Аудандық әкімдік біріңғай базадан шығаруға бас тартқандықтан 4 айдан бері балаларға тиесілі әлеуметтік төлемді де ала алмай жүр.
Өңірде 1500-ден астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы. Әр қоныс аударушыға 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Баспана жалдау үшін бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңгеге дейін берілетін ақы тағы бар.
«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын жоспар бекітіліп, мемлекет қазынасынан қомақты жаржы бөлінеді. Биыл оңтүстік өңірілерден тағы 2500 адам теріскейге көшірілмек. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО