$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.07.2021, 00:21
Қоғам

Шымкент соты 15 жастағы жасөспірімді «айғақ-дәлелдеріне» қарамастан 5 жылға соттап жіберді

Ол 8 жасар қызға сексуалды сипаттағы әрекет жасады деп айыпталған

Шымкент соты 15 жастағы жасөспірімді «айғақ-дәлелдеріне» қарамастан 5 жылға соттап жіберді
Көрнекі фотосурет

Шымкентте 8 жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған 15 жастағы жасөспірімді сот биыл сәуірде 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Баланың ата-анасы апелляциялық соттан үміт күткенімен, ондағы судья да Айтмұрат Айбекті ақтаған жоқ. Оның анасы ұлының кінәсіз екенін дәлелдейтін бірнеше құжат жинап әкелдік дейді. Тіпті, зәбір көрді деген қыздың анасы да жасөспірім тарапынан ешқандай азғындық болмағанын полицияға да, сотқа да айтып келген екен. Алайда, осының бәріне қарамастан апелляциялық сот Айбектің үкімін өзгеріссіз қалдырды деп хабарлады КТК телеарнасы.

Ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ісін апелляциялық сот жабық есікте өткізді. Арада бір сағаттан астам уақыттан соң соттың есігі ашылды да, ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ботадай боздаған анасы шықты. Айтуынша, қыздың психикалық ауруы туралы анықтама мен оның ешқандай бүлінбегені туралы құжаттарды да сот тағы да назарға алмапты.

Жағдай былтыр жазда болған. Қыздың отбасы Аймұраттың үйінде бір бөлмені жалдап тұрған екен. Бір күні сегіз жасар қыз анасына қожайын ұлдың өзіне тиісіп, зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкеткен. Бірақ жеткіншек қыздың психикалық ауруы бар екенін ескермеді, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.

«Он күннен кейін шәй ішіп отырған кезде қызым «Аймұрат тәте қайда?» деді. «Аймұрат тәтеңді қамап қойды ғой, сен тиісті деп айтқан соң» деген едім, «мен оны түсімде көрдім ғой, мен оны бекер айтыппын ғой түсімді, соған бола Аймұрат тәтемді қамап қойды ма?» деп айтты. Сосын мен тергеушіге бардым, мен қайтып алам арызымды дедім, тергеуші: «арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, мен сізге арызыңызды бере алмаймын» деп айтты», - дейді 8 жасар қыздың анасы.

Сотталушының қорғаушысы істе шикілік тым көп деп отыр. Полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртты дейді. Мұны сотталушының өзі айтып берген. Екіншіден, қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмаған. Үшіншіден, қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады дегенді айтады.

«Әр сараптамада бір-біріне қарама-қайшы болған кезде, сот оны жоюға әрекет жасау керек, көз жеткізу керек. Мынау Қылмыстық кодекстің талаптарына сай болжамдарға сілтеме жасауға болмайды. Болжаммен адам соттауға болмайды», - дейді адвокат Жарылқап Өмірзақов.

Апелляциялық сот шешімді мың ойланып, дәлелдерге сүйене отырып шығардық дейді. Бірақ заңнамаға сәйкес мұндай істе ашық айтуға болмайтындықтан, дәлелдерді жарияламаймыз дегенді алға тартты.

Екі күн бұрын ғана 16 жасқа толған жасөспірім әзірше уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуы тиіс. Алайда баланың жақындары мен жәбірленуші тарап енді үкім күшін жойсын деген талаппен Жоғарғы сотқа арызданбақшы.

Серіктес жаңалықтары