«Коронавирусты локдаун енгізу арқылы жеңе алмаймыз»: Алтай Көлгінов тұрғындарды жаппай вакцина алуға шақырды
Шаһар басшысы ұжымдық иммунитет қалыптастыру жайында айтты
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырды. Қала басшысы өзінің Instagram-парақшасында коронавируспен күрес қалай жүріп жатқанын айтып берді.
Әкімнің сөзінше, қазір енгізілген шектеу шаралары коронавирус инфекциясының таралуын толық тоқтата алмайды, тек қана тежеуі мүмкін. Сондықтан, бүкіл ел ішінде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керек дейді ол.
«Коронавирус індетін локдаун, шектеу шараларын енгізу арқылы жеңе алмаймыз. Бұл шаралар COVID-19 инфекциясының таралу көрсеткішін уақытша төмендетуге ғана мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде науқастарды аман алып қалуға септігін тигізеді.
Пандемияны вакцинация арқылы ғана жеңуге болады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру әрқайсымызға тікелей байланысты. Себебі ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана оқушылар мен студенттер сабағын оффлайн режимде оқи алады, сол сияқты кәсіпорындардың бәрі карантиндік шектеусіз жұмыс істейтін болады. Ең бастысы – адам өлімінің саны азаяды. Бұл жай сандар емес, әрқайсысында бір адамның өмірі мен олардың отбасыларының тағдыры тұр», - деп жазды А.Көлгінов.
Ол қалада коронавируспен күрес шаралары қалай жүргізіліп жатқанын және бұл жұмыстар қандай бағыттарда жалғасатынын атап өтті.
- Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың үйіне баратын 186 бригада бар. Олар науқастардың денсаулығын тексеріп, ПТР алады, сондай-ақ қарым-қатынаста болған азаматтарды тексереді. Бригадалар санын тағы 100 бірлікке көбейтуді тапсырдым. Енді 300-ге жуық мобильді бригада қызмет ететін болады.
- Медицина мекемелерін қажетті аппараттармен жабдықтауды биыл да жалғастырамыз. Мәселен, қосымша жылжымалы рентген аппараттары, пациент мониторлары, перфузорлар және т.б. жеткізілді. Мысалы, өткен жылдың өзінде медицина мекемелері 1 мыңнан астам флуометрмен, 330-дан астам оттегі концентратымен, 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппаратымен толықтай жабдықталды. Сондай-ақ, КТ аппараттары, цифрлы рентгенографиялық жүйелер, оттегі резервуарлары және т.б. орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасуда.
- Дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры болуы тиіс.
- Вакцинация қарқынын арттыру
Медицина мекемелерінің бәрінде, сол сияқты ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде вакцинациялау пункті ашылды. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылды. Қазір 318 мыңнан астам адам вакцина алды.