Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 30%-ы Шымкенттегі зауытта өңделеді
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасай отырып.
Озық технологиялардың арқасында зауыттың барлық өнімі енді Еуро-4 және Еуро-5 халықаралық стандартының талаптарына сай болып шығуда. Зауытта жанар-жағармай октанын жоғарылататын изомерлеу және дизель отынын гидро тазалаудан өткізетін қондырғылар орнатылды.
Елімізде өндірілетін мұнайдың 30 пайызы бүгінгі таңда Шымкенттегі зауытта өңделеді. Өндірістің жаңаруы нәтижесінде жаңадан 284 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындағы жұмысшыларының 98% – жергілікті азаматтар. Ал қалған 2% – шетелден арнайы шақыртылған білікті мамандар. Мұнай өңдеу зауытында жалпы 2 мыңға жуық адам еңбек етеді.
«Мен бұл зауытта тура бір жыл бұрын болғанмын. Зауыт толықтай жаңарды. Қуаты арта түсті. Мен бұған өте қуаныштымын. Жоба екіжақты ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты. Мұны Қазақ-Қытай экономикалық байланысының жемісі деп атауға толық негіз бар. 2014 жылы басталған ауқымды жоба сәтті аяқталды», – деді кәсіпорынға арнайы келген ҚХР Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо.
Жаңғырту жұмыстарын Қазақстан жағынан «ҚазмұнайГаз», Қытай жағынан СNПС компаниялары бірлесіп жүргізді. Жобаны іске асыруға 1,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.
«Біз бұрындары жылына шетелден 8-10 миллион тонна мұнай өнімдерін импорттайтын едік. Ал жаңғырту жұмыстарынан соң, мұндай қажеттілік туындамайтын болды. Енді өзіміз өңдейміз. Ең бастысы өнімділік артты. Онымен қоса тауардың сапасы да жақсарды. Қайта құрылымдау барысында іске қосылған жаңа цех - каталитикалық крекинг желісі. Мұнда бензинді гидротазалау, қанықпаған көмірсутекті газдарды күкірттен арылту және сілтіні тазалау қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Соның арқасында шығарылатын өнімнің түрі көбейді және сапасы жоғарылады», – деп атап өтті «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС президенті Цзян Ши.
«Мұнайдан неғұрлым тауарлы өнім көп шықса, соны 90 пайызға жеткіздік. Алдында 75 пайыз болатын. Ашық түсті мұнай өнімдері 80 пайызға дейін жеттті. Оның алдында 58-60 пайыз болған. Соны есептесеңіз, өнім көп шығып жатыр. Қазір қондырғылардың барлығы жобалық қуатында жұмыс істеп тұр», – дейді зауыттың техникалық директоры Бақыт Ерегенов.
Жаңа технологияны пайдаланудың арқасында енді ауаға тарайтын зиянды заттар 90% дейін азаймақ. Сондай-ақ, жылына 1,5 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік туды. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай бұдан ары да өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, Қытай тарапының Қазақстанның барлық салаларына тікелей инвестициялары қазір 190 миллион долларды құрайды.