ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Қаржылық мониторинг агенттігі Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады

Біртанов санитариялық авиацияның әуе кемесін жеке мақсаты үшін қолданған

Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Бұл туралы агенттіктің ресми сайтында жарияланды.

«Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінуде. Платформа Денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды жедел шешу үшін пациенттер, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты біріктіруі керек еді. Бүгінгі таңда платформа жұмыс істемейді және оны медициналық мекемелердің пайдаланбайтыны жиналған дәлелдермен расталады», - делінген хабарламада.

Орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн АҚШ долларын (1,5 млрд теңгені) құраған.

Сондай-ақ, 2020 жылдың маусым айында Елжан Біртанов санитариялық авиацияның әуе кемесін жеке мақсаты үшін қолданған деген күдікке де ілінді.

«Ағымдағы жылғы 7 шілдеде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы жарияланып, қылмыстық іс материалдарымен танысу басталды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», - деп жазылған.