Қазақстанда заңсыз митингке қатысқан 9 адам қамалды
Министрлік берген мәліметке сүйенсек, митингтер еліміздің 7 аймағында ұйымдастырылған
21 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында өткен митингтерде 100-ге жуық адам ұсталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты. Барлығы 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 6-ына айыппұл салынған, 9-ы қамалған. Қалғандары профилактикалық әңгімелесуден соң босатылыпты. Министрлік берген мәліметке сүйенсек, митингтер еліміздің 7 аймағында ұйымдастырылған. Олар - Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары.
Таңертеңгі өткен брифингте Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы Ерлан Сәденов елордада ұсталғандардың саны 50-ге жуықтайтынын айтқан. «Олар қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік қозғалысына кедергі келтірді және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті», - деді ол.
Еске салайық, өткен сенбідегі заңсыз митингтер Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысы белгілеген жерлерде ұйымдастырылды. 20 қыркүйекте Бас прокуратура қазақстандықтарды рұқсат етілмеген митингтерге қатыспауға шақырған. Орган мәлімдемесінде қарсылық акцияларының артында «деструктивті күштер» тұрғаны, олар қоғамдық қауіпсіздікті бұзып, әлеуметтік және ұлттық араздық туғызуға тырысатыны туралы айтылған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан