«Балалар шошып қашатын». Қазақстандықтар өзбек баланың еміне ақша жинап, Кореяда операция жасалды
«Ауру қазақ балалары көп кезде, басқа елдің азаматына неге көмектесесіңдер» деп сынайтындар да табылған
Суреттегі Бақтияр Синдоров, 11 айлық кезінде пештің түбінде жатқан жерінде күйік шалған. Күйіктен көзіне қатты зақым келіп, төрт жыл бойы кірпік айқастырмаған.
Өзбек бала отбасымен бірге Самарқанд маңындағы Кишлак ауылында тұрады. Әкесі Алматы облысындағы Талғар қаласында құрылыста жүргенде, әріптестері күйік шалған баласының адамшошырлық суретін көреді. Міне, осы сәттен бастап емге ақша жинай алмай жүрген әкеге көмек қолын созғандар көбейіп, үміт оты қайта маздайды.
Бақтиярдың тағдыры туралы қазақстандықтарға алғаш мәлімет берген «Мен жаныңдамын» қайырымдылық қозғалысының ұйымдастырушылары Анна Токишева мен Ольга Рябева. Бақтиярды анасы Шохидо Умаровамен бірге Кореяға ертіп апарған әлеуметтік блогер Ольга Рябева баланың адам сенгісіз төзімділігі туралы айтып берді.
«Отбасында үш бала бар, Бақтияр кішісі. 2007 жылы ақпан айында туған. Үй қатты суық болған соң анасы 11 айлық ұлын пеш түбіне жатқызады да, басқа бөлмеде шаруа жасайды. Кенет пештен өрт шығып, баланың жаялығына тиген. Анасы жұлып алып үлгергенше баланың бас сүйегін тұтастай күйік шалады. Күйіктен кейін бас сүйегінің жартысы қалпына келмеген, тек еңбегі ғана қалған. Көзі мен мұрнына да қатты зақым келген. Танауы, қабағы жоқ. Ұйықтаса да, ояу кезде де көзін жұма алмайды, төрт жыл бойы көзі ашық қалпында жүрген. Сонда да Бақтияр ешқашан ауырдым деп жыламаған.
Бұл тән аурулары ғой. Ал, жан ауруын айтудың өзі қорқынышты. Ол балабақшаға бармаған, ауылда балалармен ойнамаған. Ата-анасы далаға оның бетін шытпен тұмшалап шығады екен. Өйткені, басқа балалар Бақтиярдың түрінен шошып, қашады...Өзі қатарлы баламен алғаш рет Сеулдегі клиникада ойнады. Күлді. Шаттанып секірді, ойнады», - дейді Ольга Рябева.
Бақтиярдың суретін көрген қайырымдылық қозғалысының өкілдері оның еміне ақшалай көмек жинаймыз ба, жоқ па деп, көп ойланған. Біріншіден, мұндай күйікті емдеу үшін кемінде 50 мың доллар керек. Екіншіден, ауру қазақ балалары көп кезде, басқа елдің азаматына неге көмектесесіңдер деп сынайтындар да табылған. «Бірақ, біз үшін баланың ұлты маңызды емес», - дейді Ольга.
Қайырымдылық қозғалысының өкілдері ақыры бір шешімге келіп, Бақтиярдың мәліметтерін алып, Қазақстан бойынша қаржылай көмек жинауды бастайды. Әлемнің үздік клиникаларына хат жазғанда, Үндістан мемлекетінен жауап келген. Ол жаққа бару үшін Бақтияр үшін жиналған 48 мың доллар жұмсалады. Бірақ, ол жақтың дәрігерлері ең қажетті операцияны жасай алмаған. Бақтиярдың Кореядағы жерлестері оның суретін әлем бойынша атақты күйік орталығы «Hallym University Dongtan Sacred Hospital»-ға жібереді. Осы клиниканың жанындағы қайырымдылық қоры Бақтиярдың алғашқы операцияларын тегін жасап беруге келісіп, оны Сеулге алдыртады.
«Қазақстан азаматтары үшін Кореяға виза алу оңай болғанмен, Өзбекстан азаматтары үшін қиын еді. Бірақ, Бақтияр өзі мүлде сөйлей алмайды, оның жақ бөлігі күйген, тістері зақымданған. Анасы орысша да, қазақша да білмейді. Әкесі аздап орысша сөйлейді. Виза алу өте қиын болды. Бірақ, күйік орталығының бас дәрігері Қазақстандағы Корея елшісімен 40 минут сөйлесіп, ақыры Бақтиярға бір апта ішінде виза алдық. Оған кәріс дәрігерлері осы жолы үш операция жасады. Танауын ашып, мұрнына коррекция жасады. Қабағын тікті. Енді жарты жылдың ішінде беті мен басына операция жасайды. Бірінші үш операцияның негізгі құны 50 мың доллар шықты, бірақ оны клиника жанындағы қор жинап берді. Енді тағы сол шамада қаржы керек. Осы аптаның соңында қайырымдылық жиынын бастаймыз», - дейді Ольга.
Балаға жасанды тері тігілмейтін болды. Өйткені, кәріс мамандары баланың иммунитетіне, төзімділігіне таң қалған. Оның денесіндегі тері беті-әлпетіне тігуге жетеді деп отыр. Бала үш сағаттық операциядан кейін тез аяққа тұрып, ойнап кеткен.
Бақтиярға көмектесу үшін «Мен жаныңдамын» қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшасына немесе Ольга Рябеваға хабарласуға болады.
Кенжекей Тоқтамұратқызы