Қазақстанда ет тағы қымбаттайды
Еліміздің бірнеше облысында қуаңшылық болған

Атыраулық шаруаларды қуаңшылық қыспаққа алды. Шабындық жер шаңды топыраққа айналып, төрт түлікке жайылым қалмаған деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. Мал шаруашылығымен айналысып отырғандар үшін бұл тіпті қиын. Шаруалар арық түлікті оңалту үшін еселеп қымбаттаған жем-шөпті сатып алуға мәжбүрміз дейді. Ал, халық мал шаруашылығымен айналысатын аймақта еттің қымбат сатылуына наразы.
Ет тіске емес, түске кіретін жағдайға жеттік дейді тұрғындар. Жоғары сұрыпты еттің келісі 2500 теңгеден кем емес. Ал сатушылар бізге өзі қымбат келеді дейді.
«Өзіміз қымбат аламыз. Тек көретініміз 50-100 теңге. Арзан алады деген сауда жоқ. Ең төменгі баға 1800-ден келеді. Мал жоқ болған жағдайда 2000 теңгеден келеді бір келісі», - дейді сатушы Назгүл Полатова.
Еттің қымбаттығын мамандар түлік құнының артуымен байланыстырады. Мал базарында марқаға 40 мың теңге сұрайды. Дөнен қойдың бағасы 100 мың теңгеге жетіп жығылады. Түлік негізінен көрші Батыс Қазақстан облысынан әкелінеді. Бірен-сараны ғана жергілікті. Шаруалар соңғы жылдары мал сатпақ түгілі, көктемге әрең жеткен төрт түлікті көтере алмай жатырмыз дейді. Оған себеп көп.
«Көктемде жаңбыр болған жоқ, жазда қапырық ыстық. Көріп тұрсыздар, 4-5 сағат қорада тұрады. Жерде тіске ілінетін ештеңе жоқ. 10-15 шақырымға дейін мал жайылып келеді. Базардағы бағаны одан да көтеруге болады деп ойлаймын», - дейді шаруа қожалығының басшысы Азамат Дүйсенғалиев.
Шаруа биыл жоңышқа еккен. Бірақ ол аздық етеді дейді. Оның айтуынша, шығыны шаш етектен мал шаруашылығы бойынша субсидия алу қиын. Сондықтан шамасына қарай ғана әрекет етеді. Ал ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы қуаңшылық жағдайында өнімді арттырудың бір жолы – екпе шөп өсіру дейді.
Атырау мал өнімі бойынша импортқа тәуелді. Жылқы, сиыр еттері өңірге Армения, Беларусь, Ресейден тасымалданады. Бұл да бағаның жоғары болуы әсер ететін факторлардың бірі.