«Сиыр сауатын техникам бар, бірақ жаятын жер жоқ»: Ақмолада жас кәсіпкер әкімдіктен 3 жылдан бері көмек ала алмай келеді
Жергілікті билік түрлі сылтаумен оған көмек беруден бас тартады екен
Ақмола облысы Ақкөл ауданы Кеңес ауылының тұрғындары ірі қара малын бір жайылымда бағуға мәжбүр. Өйткені елдімекендегі жер тапшылығы әлі шешімін таппай келеді.
2016 жылы Қытай елінен атажұртына қоныс аударған Аманжол Жанболаттың бүгінде 110 бас ірі қара малы бар. Бұдан бөлек ауылдағылардың малын бағып беру үшін 10-15 сиырды тағы қосып алған. Мал саны артып жатқанымен, шөбі шүйгін жер жоқтың қасы дейді тұрғын.
«Сиыр сауатын техникам бар, бірақ малды жаятын жерім жоқ. Қысқа әлі жем-шөпті дайындаған жоқпын. Өйткені оратын шөп жоқ. Әкім келіп, шаруалардың жағдайын мүлдем сұрамайды. Ауыл тұрғындары шу шығарғаннан кейін аудан әкімі ауылдың ішінде мал бағуға рұқсат берді. Онысына әрине алғысымды білдіремін. Бірақ мұнда шабындық жер жоқ. Қысқа шөпті қайдан алатынымыз белгісіз», - дейді шаруа.
Әкімдіктің берген жері малшылардың көңілінен шықпай отыр. Өйткені тар жерде мал тұрмақ, көңіл де сыймай жатқан сыңайлы.
«Мен сияқты 200-300 ірң қарасы бар тұрғындар малымызды бір жерде бағып жатырмыз. Кейде араласып кетеді. Сондай кезде арада түсініспеушілік болып, оның арты ұрысқа ұласады», - дейді Аманжол.
Ол мемлекеттен жайылымдық жер алу үшін үш жыл бойы әкімдіктің барлық талабын орындап келе жатқанын айтады.
«Жер алу үшін аудан әкімдігіне барып, тиісті құжаттарды өткіздім, түрлі конкурстарға да қатысып жатырмын. Бірақ нәтиже жоқ. Олардың айтуынша, менің малымның саны жетпейді және техникам жоқ. Мен де мал басын 200-ге жеткізе аламын. Бірақ жер берілмесе, мен оны қайда бағамын. Жақсы фермер болып, елдегі мал санын арттырып, мемлекетке кішігірім болса да пайдамызды тигізсек деген ниетім болған. Ал енді үш жыл бойы жерге жарымай отырғандықтан, кейде осы істі бастағаныма өкініп қаламын», - дейді Аманжол Жанболат.
Шаруа иесінің айтуынша, ауыл іргесінде бос жатқан жер жетерлік, бірақ ол жердің бәрінің иесі болып шығады екен, яғни мал түгіл адамды да жолатпайды дейді ол.
Өз кезегінде Ақкөл ауданы әкімдігінің өкілі мұндай проблема жалпы аудан бойынша өзекті екенін алға тартты.
«Бізде қазір жалғыз Кеңес ауылы ғана емес, жалпы аудан бойынша жайылым жер тапшы. Осы мәселені шешу жолында әкімдік биыл Кеңес ауылы бойынша 2 780 гектар игерілмей жатқан жерді иелерінен тартып алынды. Қазіргі уақытта ол жерлерді Кеңес ауылының аумағына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір шаруалар малын сол жерде бағып жатыр. Жалпы, осы жылы шамамен 14 мың гектар жерді аудан территориясына қосу жоспарда бар», - деді Ақкөл ауданы Жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Иван Данилочкин.
Ал, ауыл тұрғындарының көзі түскен қолайлы жер жеке меншіктің иелігінде. Малшылардың айтуынша, жер биыл игерілген жоқ. Бірақ әкімдік ол жерді тартып алуға құқығы жоқ екенін хабарлады.
«Дәнді-дақыл егілетін егістік жердің бары рас. Ол жеке меншіктің иелігінде. Ол жерге биыл ештеңе егілген жоқ, себебі осы жылы топырақ демалуы тиіс. Яғни жер жыртылды, бірақ дақыл себілген жоқ», - деді Иван Данилочкин.
Белгілі болғандай, Ақмола облысының Кеңес ауылында бүгінде 536 ірі қара, 1013 қой және 407 жылқы бар екен.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан