$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.06.2021, 18:53
Қоғам

Қала күніне орай елордалық 3 мың үлескер баспаналы болады

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС астанадағы проблемалық үйлердің жай-күйін айтты

Қала күніне орай елордалық 3 мың үлескер баспаналы болады

Сақалды құрылысқа айналған тұрғын үйлер елордадағы негізгі проблемалардың бірі. Алаяқтарға алданып, баспанаға қолы жетпей жүрген қала тұрғындары талай жылдан бері талап-тілегін айтып, елорда әкімдігінің табалдырығын тоздырып келген. Мәселесі шешілмегендері бірнеше рет митинг үйымдастырғаны да есте.

Дегенмен, соңғы бірер жылда жергілікті билік үлескерлер проблемасын шешуге шындап кіріскендей. Мәселен, 2019 жылы қаладағы проблемалық үйлердің саны 52-ні құраған екен. Дәл сол жылы бірден 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2,5 мың адам баспаналы болса, былтыр тағы 20 көпқабатты үйде қоныс тойы тойланып жатты.

Azattyq Ruhy тілшісі «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры Мақсат Шаяхметовпен сұхбаттасып, үлескерлер мәселесі түбегейлі қашан шешілетіні туралы сұрады.


Мақсат Шаяхметов

Тұрғын үй коммуналдық даму жобасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін компания биыл 18 объектідегі 50-ден астам үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр екен. Бұл дегеніміз жыл соңына дейін 7,5 мыңға жуық үлескер баспаналы болады дегенді білдіреді.

«Бүгінгі күні елордада құрылыс жүріп жатқан 117 тұрғын үй бар. Олардың 33-ін проблемалық үйлер құрайды. 2019 жылы 52-ге проблемалық тұрғын үйдің құрылысын қолға алдық. Сол жылы мемлекеттік органдардың қатысуымен 10-ға жуық нысан пайдалануға берілді. 2020 жылы – 14 обьектідегі 20 үй, яғни 2723 үлескер өз пәтерінің кілтін алды. Биыл «Елорда құрылыс» компаниясы 18 нысандағы құрылысы күрделі 50 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр», - дейді Мақсат Шаяхметов.

Үлескерлері көп проблемалы құрылыс нысандарының бірі – «Шығыс» тұрғын үй кешені. 2019 жылдан бері аталған кешенінің 2А, 2В, 3А, 3В нысандарында құрылыс жұмыстары қайта жанданған болатын. Әр блоктың сметалық құжат­та­масы әзірленіп, қаржылық және тех­ни­ка­лық аудит жүргізілді. Биыл тұрғын үйдің бірнеше блогы пайданауға беріледі. Сондай-ақ, компания директоры қала күніне орай тағы 3 мыңға жуық үлескер баспаналы болатынын айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай 10 нысандағы 21 үй пайдалануға беріледі. Атап айтар болсақ: «Ақерке 2», «Талисман», «Жастар 4», «Арыстан блок Д», «Алтын шар 2», «Айсанам Де-Люкс», «Шығыс 1 А, 1 В», «Баспана», «Зере 1». Барлығы үш мыңға жуық үлескерге үйдің кілті табысталады. Алдағы уақытта қалған 16 нысандағы 40 үй құрылысын 2022 жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл тағы үш мың үлескерді құрайды», - дейді компания директоры.

Елорда тұрғыны Әлия Асқарова өткен жылы ғана ұзақ жыл армандаған баспанасына кірген. Ол өзінің талап-шағымына жауап беріп, баспана құрылысын жеделдеткен қала әкімдігіне алғыс білдіріп, қуанышымен бөлісті.

«Пәтердің мәселесімен бармаған жеріміз қалмап еді. Өкінішке қарай, кейбір үлескерлердің арасында армандаған үйіне қолы жетпей өмірден өтіп кеткендері де бар. Алла бұйыртып, көптен күткен баспанамызды алдық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Алаяқтарға алданған қарапайым халықтың мәселесі қарқынды шешіліп жатқаны қатты қуантады. Алдағы уақытта үйін күтіп жүрген әрбір үлескерге осындай бақыт бұйырсын деп тілек білдіремін», - дейді тұрғын.

Мақсат Шаяхметов проблемалық тұрғын үйлердің құрылысы барысында кездесетін басты қиындықтарды атап өтті.

«Кейбір үйлерді пайдалануға беру кезінде кешіктірулер болады. Ауа райына байланысты кедергілер, құрылыс материалдарының жетіспеуі және тұрғын үй құжаттарының дұрыс болмауы нысанның аяқталуын кешіктіреді. Құрылысы ұзаққа созылған проблемалық үйлерді қайта жандандыру мақсатында біраз жұмыс атқарылды. Үйдің жағдайын анықтау үшін техникалық сараптама жасалып, түрлі аудиттер өткізіледі. Бастапқы жауапсыз мердігердің дұрыс салмаған тұстары бұзылып, қайта салынады. Негізгі құрылыс жүйелі дамып жатқан қалаларда жүретіні белгілі. Сәйкесінші, үлкен қалаларда құрылыс барысында көптеген қиындық туындайды. Десе де, қазір сол уақыттың орнын толтыруға тырысып жатырмыз», - дейді ол.

Проблемалық нысандар құрылысын аяқтау «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Күрделі нысандар Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджет арқылы қаржыланады. Сондай-ақ, басқарушы директор баспана алу кезінде тұрғындарды барынша мұқият болуға, алаяқтардан сақтануға шақырды.

«Бүгінгі күні біздің компанияда 34 құрылыс алаңы бар. Барлық нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігерлерді тарту мемлекеттік сатып алу барысында және жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады.

Тұрғындар проблемалық үйлерге ұрынбауы үшін әкімдіктің ресми сайты құрылысын кешіктірген, күдікті саналатын компаниялар жайында ақпарат салып отырады. Сондықтан үй алуды жоспарлап отырған тұрғындарға айтарым: алдымен бәрін жан-жақты тексеріп алып, сенімді деген компанияға жүгініңіздер», - дейді Мақсат Шаяхметов.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары